Дақылдар селекциясын дамытуға бөлінетін қаржы 5 есе артады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сәуір айында Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығы саласын дамытудың 2024 – 2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында Премьер-Министр Әлихан Смайылов осындай мәлімет келтіреді.

«Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығы саласын дамытудың 2024 – 2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы 3 бөлімнен тұрады: аграрлық ғылымды, селекцияны және бастапқы тұқым шаруашылығын дамыту; техника мен жабдықты жаңарту жөніндегі шаралар; тұқым шаруашылығының тиімді жүйесін құру, сондай-ақ жарғылық капиталды ұлғайту, тұқымдарды сертификаттау жүйесін енгізу арқылы селекциялық мекемелерді материалдық-техникалық жарақтандыруға бюджет қаражатын бөлу жөніндегі іс-шаралар енгізілген.

Қазіргі таңда кешенді жоспар мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мақұлдауынан өтуде. Соның қорытындысы бойынша осы жоспарды сәуір айында бекіту жоспарланып отыр», - деп жазады Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының мәліметі бойынша, кешенді жоспар отандық тұқым шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және импортқа тәуелділікті төмендетуге, сондай-ақ салаға инвестициялар мен озық инновациялық шетелдік технологиялар мен селекция мен тұқым шаруашылығының әдістерін тартуға мүмкіндік береді.

«Сонымен қатар, ғылыми зерттеулерді бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясын дамыту мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясына бөлінген қаражат көлемі ұлғайтылды. 2024 – 2026 жылдары 5 есе (1,5 млрд теңгеден 7,5 млрд теңгеге дейін)», - деп жазылған Премьер-Министрдің жауабында.


Соңғы жаңалықтар