+7 (701) 759 90 19
USD 383.95 EUR 429.26
RUB 6.16 CNY 55.02
Jańalyqtar

Дағдарыстың сабақтарын ескере отырып

2016 жылғы 30 шілде 07:14
Бөлісіңіз:

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның қаржы нары­ғында жағдай тұрақтанғаны байқалады. Оны бірқатар факторлар көрсетіп отыр. Оның ішінде, екінші деңгейдегі банктердің кредиттеуді қалпына келтіруі, ол бизнестің экономикалық белсенділігі артуына да, тұтынушылық сұраныстың өсуіне де әсер етуде, деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті.

Бірінші кезекте депозиттердің долларлану деңгейінің төмендегенін атап өтеміз. Мысалы, шетел валютасындағы депозиттердің үлесі 2016 жылғы қаңтар­дағы ең жоғары 70% деңгейінен 2016 жылғы маусымның қорытындылары бо­йын­ша 58%-ға дейін төмендеді.

Тұрақтандыруға бет бұру

Халықтың салымдары бойынша долларлану деңгейі қаңтардағы 80,4%-дан 2016 жылғы маусымның соңындағы жағдай бойынша 67,8%-ға дейін төмендеді. Заңды тұлғалардың депозиттері бойынша теңгелік және валюталық бөліктер арасында теңдікке қол жеткізілді. Теңгемен салымдардың үлесі одан әрі ұлғаяды деп болжанады. Бұл банктердің экономиканы кредиттеуді жандандыруы үшін қажетті теңгемен қорландыруды қамтамасыз етеді.

Бұл үрдіс жыл басынан бері ұлттық валютаның айырбастау бағамы 0,4%-ға ны­ғаюы (2016 жылғы маусымның соңында) және банктер теңгемен депозит­тер бойынша ұсынатын сыйақы мөл­шерлемесінің артуы салдарынан бел­гіленді. Экономикадағы оң өзгерістерге бағалардың жалпы деңгейінің өсу қарқынының бәсеңдегенін және Қазақ­станның ақша нарығында пайыздық мөлшерлемелердің тұрақтануын да жатқы­зуға болады.

Жалпы алғанда, экономиканың тұрақ­тануына банк жүйесінің орнық­тылығын сақтап қалуға мүмкіндік берген реттеушінің барынша қатаң саясаты маңызды рөл атқаратынын атап өтуге болады. Нарықтық тәртіп пен дәйекті ақпарат тұрақты және сенімді банк ортасының негізі болып табылатыны сөзсіз. Бұл ретте ол реттеушінің талаптарын жай ғана орындау емес, банктің топ-менеджментінің жете түсінген таңдауы болуы тиіс.

Ұлттық Банктің бұл бағыттағы жұмысы кредиттік тәуекелді басқару үшін ынталандыруды постфактум құру үшін ғана емес және қаржы ұйымдары үшін қарыз алушылармен тиімді жұмыстың мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін де жүргізіледі.

Банк жүйесін сауықтыру және оған деген сенімді арттыру үшін банктер актив­терінің сапасын бағалау барынша орынды болып табылады. Бұл жерде базалық коэффициенттер капиталдандыру көрсеткіштері мен NPL (қызмет көрсетілмейтін кредиттер) деңгейі болады. «Жұмыс істемейтін кредиттер» ұғымы негізгі борыш және (немесе) есептелген сыйақы бойынша күнтізбелік тоқсан күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздарды білдіретінін еске саламын.

Қаржылық тұрақтылық индикаторлары

Ұлттық Банк халықаралық стандарт­тарға сәйкес келетін банк секторын ке­шенді бағалаудың түрлі әдістері мен құрал­дарын қолданады, оның ішінде қаржылық орнықтылық индикаторларын ХВҚ әдіснамасына сәйкес есептейді.

Банк капиталының NPL (іске асырылған кредиттік тәуекел) бойынша шығындарды өтеу мүмкіндігінің маңызды көрсеткіші ретінде капиталға құрылған резервтерді шегергенде олардың қатынасы болады (2016 жылғы 1-тоқсанның қоры­тындылары бойынша - 19,2%). Бұл көрсеткіш банктер қарыз сапасының проблемасын шешуді кейінге қалдыратын жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді, ол уақыт өте келе елеулі түрде маңызды проблемаларға әкеп соқтыруы мүмкін еді.

Банк жүйесін бағалаудың маңызды көрсеткіштерінің бірі пайыздық спрэд болып табылады (бүгінгі күні ол 2008-2009 жж. деңгейге дейін ұлғайды). Көрсеткіш жалпы алғанда сектордың рентабельділігін және оның мөлшерлемелерді белгілеу саласындағы іс-қимылын көрсетеді. Жоғары шама банктердің кредит тәуекелін барабар бағалауға мүмкіндігі болмаған не аса тәуекелді қарыздар берген не эконо­микадағы құлдырау жағдайында тәуе­кел үшін сыйлықақыны көтере отырып, тәуекелдерді қарыз алушыларға жүкте­ген кезде орын алып отырған жүйелік сипаттағы тәуекелдерді білдіруі мүмкін.

Қазір Қазақстанның қаржы жүйесі жақсы уақытты басынан кешіріп отыр­мағандықтан, осының бәрі ұлттық валютаның еркін өзгермелі бағамына өтуге байланысты болды деп айтуға болмайды. Теңге құнының төмендеуінің NPL өсуіне әсер етуі 2015 жылғы желтоқсаннан бастап лагпен пайда бола бастады. Бұл ретте жұмыс істемейтін жаңа қарыздардың өсуі арқылы көрініс тапқан қарыздар сапасының нашарлауы девальвацияға дейін байқалды. Банк секторындағы әлеуетті проблемаларды бағалау көрсеткіштерінің бірі несие портфеліндегі қайта құрылымдалған қарыздардың үлесі болып табылады (2015 жылдың қорытындысы бойынша - 36%). Бір жағынан алғанда, қайта құрылымдау қарыз алушының өз міндеттемелерін орындау ықтималдылығын арттыру және, тиісінше, қарыздар бойынша күті­летін кірістерді арттыру мақсатында банктің өз клиенттеріне түсіністікпен қарауының дәлелі болып табылады. Басқа жағынан алғанда, жоғары коэффициент банк секторының кредит тәуекелінің өскендігін білдіреді. Сонымен қатар, қайта құрылымдалған қарыздардың жоғары үлесі банктердің өз қызметінің нәтижелерін номиналдық жақсартуының нәтижесі болуы мүмкін. 2015 жылы NPL үлесі айтарлықтай төмендеді. Қаржы нарығындағы өткен жылғы резонанс­ты оқиғаларды ескерсек, бұл ахуалды жақ­сартуға не себепші болғанын түсіндіру қажет деп ойлаймын. NPL үле­сінің төмен­деуі, ең алдымен, ҚҚБ мен БТА арасындағы мәміленің аяқталуы және БТА-ның лицензияны ерікті түрде қайтаруы есебінен болды. NPL-дың осы төмендеу үрдісі жалпы алғанда басқа банктер бойынша да байқалды: 2015 жылы 10,1%-дан 7,6%-ға дейін. Жаңа NPL-дың алдыңғы кезеңінің соңындағы NPL-ды шегере отырып несие портфеліне арақатысы - портфельдегі өсіп отырған проблемалардың болуын бағалауға мүмкіндік беретін көрсеткіш (2015 жылғы 4-тоқсанның қорытындылары бойынша - 1,5%). Мысалы, NPL-дың математикалық үлесі төмендейді, бірақ коэффициенттің өсуі қарыз сапасының нашарлауына әсер ететін факторлардың болуын және кредит тәуекелінің ықтимал өсуін де білдіреді.

Яғни, қарыз алушылар кірістерінің құлдырауы және банктер алдындағы міндеттемелері бойынша жауап беру қабілетінің төмендеуі 2014 жылдың соңындағы - 2015 жылдың басындағы макроэкономикалық күйзелістермен байланысты болды. Теңге құнының төмендеуі қарыз алушылардың қаржылық жағдайына қосымша қысым көрсетті, алайда біз сол кезеңде еркін өзгермелі бағамға өтуден бас тартудың банк секторында, сол сияқты жалпы алғанда экономикада неғұрлым теріс салдарларға алып келуі мүмкін екенін мойындауға тиіспіз.

Көрсеткіштер және бағдарлар

2016 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойын­ша банк жүйесінде жұмыс істемейтін қарыздардың үлесі 7,9%-ды құрады (несие портфелі - 15 315,5 млрд. теңге, жұмыс істемейтін қарыздар - 1 209,4 млрд. теңге).

NPL төмендеуі 2014 жылғы мамырдағы ең жоғары көрсеткішпен (33,7% немесе 4,9 трлн. теңге) салыстырғанда абсолюттік көрсеткішпен 3,6 трлн. теңгеден асты. Ұлттық Банк ЕДБ активтері сапасының төмен болуы проблемаларын шешу үшін шаралар кешенін іске асырды. Оның ішінде: банктердің сапасыз активтерін сатып алу және оларды басқару бойынша екі деңгейлі жүйені құру. Бірінші кезекте әңгіме ҰБ Проблемалық кредиттер қоры және ЕДБ күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын еншілес ұйымдары - КАБҰ туралы болып отыр. Басқа қадам - салықтық ынталандыру шараларын енгізу. Олар жұмыс істемейтін активтермен операциялар бойынша салықтық кедергілерді алуға, банктерді баланстарын NPL-дан тазарту бойынша неғұрлым белсенді іс-әрекеттер жасауға тежейтін кедергілерді алып тастауға, үмітсіз берешекті кешіру критерийлерін оңтайландыруға бағытталған.

Бұл ретте 2014-2015 жылдары банк жүйесі бойынша жұмыс істемейтін қарыз­дар көлемінің нысаналы 10%-дық көрсеткіштен төмен деңгейге дейін айтарлықтай төмендеуі банктердің есептен шығару/кешіру құралдарын белсенді түрде қолдануы есебінен қамтамасыз етілді, бұл қарыз алушылардың борыштық жүктемесін азайтты. Сондай-ақ дәстүрлі құралдарды: қайта құрылымдауды, өндіріп алуды және басқаларын пайдалану есебінен орын алды.

Қазіргі кезде Салық кодексінде банк­тердің балансынан үмітсіз қарыздарды жүйе­ден тыс есепке есептен шығару бойынша салықтық жеңілдіктер көздел­генін де айтып өткім келеді. Сондай-ақ, Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде және тек шектеулі мерзімдегі сыйақы мен тұрақсыздық айыбы (өсімпұл, айыппұл) бойынша берешекке ғана қатысты жеке тұлғалардың берешектерін кешіру кезінде жеке тұлғалардың кірістерін салынатын салықтан босату көзделген.

Қалған жағдайлар үшін қарыздар (кредиттер) бойынша берешекті кешіру кезінде салықтық жеңілдіктер берілмейді. Бұл ретте, ҰБ уытты активтерді белсенді түрде есептен шығару (кешіру) мақсатында банктер үшін салықтық жеңілдіктер енгізу қажеттілігін қолдайды. Сонымен қоса, салықтық жеңілдіктерді белгілеу және ұзарту мәселелерін Үкіметпен, атап айтқанда Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен талқылау қажет.

Ұлттық Банк үшін NPL үлесі - көрсеткіш коэффициенті, алайда ол банк секторы қарыздарының сапасын бағалау кезінде негізгі бағдар болып табыл­майды. Негізінен, банктер бұл коэф­фициентті жақсарта алады. Мысалы, олар шын мәнінде болашақ төлемдерді күтпейтін проблемалық қарыздарды қайта құрылымдауды немесе ішкі қайта қаржыландыруды жүргізе отырып не проблемалық активтер бойынша одан әрі жұмыс жүргізбестен, оларды өзінің КАБҰ-ға беріп жақсарта алады.

Алайда, бұл тетіктерді қолдану мақсаты өзгеше және банктер осыны түсінуге тиіс. Балансты NPL-дан жасанды түрде тазарту қысқа мерзімді кезеңдегі көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік береді, бірақ банк­тің орын алған проблемаларын шеше алмайды. Бұл мәселедегі біздің міндетіміз - банктердің несие портфелінің көрсеткіштеріне айла-шарғы жасауын тоқтату, өйткені тұрақты қаржы жүйесі дәйексіз ақпараттан қалыптаспайды. Банк­­­тер­дің міндеті - тәуекел-менеджмент жүйе­сін жетілдіру, өзінің ұзақ мерзімді даму стратегиясын түсіну және соған сәйкес келу.

Егер уытты активтердің ағымдағы жағдайы туралы айтар болсақ, онда бірнеше цифрды келтіре кеткен жөн. Ағым­дағы жылдың басындағы жағ­дай бойын­ша КАБҰ балансындағы проб­лемалық активтердің көлемі 211,8 млрд. теңге немесе банктердің несие портфелінің 2,2% болды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 610,3 млрд. теңгені құрады. Қабылданған шаралардың есебінен КАБҰ-ның бұдан былайғы қызметі қабылданған күмәнді және үмітсіз активтер бойынша бас банк­тер алдындағы міндеттемелерді уақ­ты­лы және толық көлемде орындау үшін баланс­тарды жұмыс істемейтін кредиттерден тазарту және ақша ағындарын жинақтау бойын­ша белсенді іс-әрекеттерді қабылдауға бағытталатын болады.

Ипотекалық NРL

Ипотекалық кредиттеу тақырыбы - бөлек бір әңгіме. Бұл проблеманың өзектілігі, бірінші кезекте, кепілзаты ретінде қарыз алушының тұрғын үйі алынатындығында. Бұл қарыз алушы қарыз мерзімін өткізе бастаған кезде мәселенің аса сараланған, жеке тәсілдері мен шешімдерін талап етеді. Осының салдарынан соңғы уақытта банктердің ипотекалық тұрғын үй қарыздарын алу­шылардың берешегін коллекторлық агенттіктерге беруіне шектеу қойыла бас­тады. Бұл проблемалық ипотекалық қарыз алушыларға байланысты мәселелердің шешілуі бойынша мемлекеттің жүйелі сая­саты шеңберінде орын алуда.

Бұл мақсатқа Ипотекалық тұрғын үй қа­рыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламаларын іске асыру да бағытталды. Бағдарлама шеңберінде 14 760 ипотекалық қарыз алушының 88,5 млрд. теңге сомаға өтініші мақұлданды және 11 730 өтініш бойынша жалпы сомасы 60,7 млрд. теңге қарыз қайта қаржыландырылды. Проблемалық ипотекалық қарыз алушылардың мәсе­лелерін шешу бойынша Ұлттық Банк ЕДБ-мен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесе отырып проблемалық борышты қайта құрылымдаудың өзара тиімді шарттарын іздеуге, қарыз алушыларға құқықтық көмек көрсетуге, банктік қарыз шарты бойын­ша міндеттемелерді орындау бойынша консультациялар және түсіндірме беруге бағытталған іс-шаралар жүргізіп жатыр.

Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заң шеңберінде қарыз алушыда өндіріп алуға болатын басқа мүлкі немесе кірісі болмаған кезде кепілге қойылған жылжымайтын мүлік соттан тыс немесе сот тәртібімен сатылған жағдайда, қарыз алушы жеке тұлғаның негізгі міндеттемесін тоқтату бойынша тетіктер қазірдің өзінде регламенттелді.

Өз кезегінде, қазіргі уақытта банктердің жиынтық несие портфелі 15 315,5 млрд. теңгені құрады, онда ипотекалық тұрғын үй қарыздарының деңгейі 6,6% немесе 1 006,9 млрд. теңгені құрайды. Порт­фельде ипотекалық тұрғын үй қарыз­дарының үлесі ең төмен болғандықтан, көрсетілген шектеу портфельде осындай кредиттер көлемінің күрт өзгеруіне ықпал етпейді.

Тұрмыстық қажеттіліктер үшін

Кредиттеудің тағы бір секторы - тұтынушылық қарыздар - соңғы уақытта жандана бастады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап тұтынушылық қарыздардың жыл сайынғы өсуін шектеу бойынша банктерге қойылған талаптың күші жойылғаны белгілі. Жылдың басындағы жағдай бойын­ша тұтынушылық қарыздар несие портфелінің 16,9%-дық үлесімен 2 622 млрд. теңгеге өсті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 2,63 трлн. теңгеден астам немесе несие портфелінің 18,6%-ы болған. 2015 жылы төмендеу 17,2 млрд. теңгеге 0,65% деп бағаланады.

Ағымдағы жылдың басынан бері ЕДБ несие портфеліндегі тұтынушылық кредиттер үлесінің төмендеу үрдісі сақталды. 2016 жылғы көктемнің басында олардың үлесі 2 531 млрд. теңгені құрады. Бұл - несие портфелінің 16,2%-ы. Жылдың басынан бері төмендеу - 91,7 млрд. теңгені немесе 3,5%-ды құрады.

1 сәуірдегі жағдай бойынша жылдың басынан бері екінші деңгейдегі банктердің қамтамасыз етілмеген тұтынушылық қарыз­дарының көлемінде 6,2%-ға төмен­деу байқалады. Егер соңғы екі жыл ішіндегі серпінді қарасақ, онда көлеміне қатысты 2014 жылғы 1 сәуірде жүйедегі тұтыну­шылық қарыз көлемі шамамен 40%-ға ай­тарлықтай төмендегенін байқауға болады.

Банктердің халықты кредиттеуге қайта оралуы осы сегменттегі үрдісті өзгер­теді деп сенеміз. Бұл ретте, бізді бұрынғыдай, тұтынушылық кредиттеудегі тәуекелдердің өсуін шектеу мәселелері толғандырады. Сондықтан тұтынушылық қамтамасыз етілмеген қарыздар бойынша жоғары тәуекел деңгейі енгізілді. Тұтынушылық қамтамасыз етілмеген қарыз берудің міндетті шарты нақты кірісті және қарыз алушының кредит тарихын тексеру болып табылады. Егер қарыз алушыда қарыз бойынша қарызды өтеу бойынша ай сайынғы шығыстары оның жиынтық кірісінен 35%-дан асса не қарызды өтеу бойынша мер­зімін кешіктіру болған кезде, осындай қарыздар бойынша қосымша капитал қоры қалыптастырылатын болады. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қарыздарға жоғарыда көрсетілген критерийлерге сәйкестігі тұрғысынан ай сайынғы мониторинг жүргізу тұтынушылық қамтамасыз етілмеген қарыз берудің міндетті шарты болып табылады.

Базель бойынша алдын алу

Жалпы алғанда, Ұлттық Банк әлеу­меттік-экономикалық даму шеңберінде бірқатар шаралар іске асыруды бас­тап кетті. Атап айтсақ, бұл банктерде жаңа көпіршіктердің пайда болуын алдын алуға, өтімділікті қолдауға, банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар.

Орта мерзімді перспективада реттеуші меншікті капитал мен өтімділік бойынша Базель II/III стандарттарын кезең-кезеңмен іске асыруды көздеп отыр. Қарсы циклдық реттеу шеңберінде банктердің меншікті капиталын 10-нан 100 млрд. теңгеге дейін ұлғайту бойынша талаптың күші жойыл­ды. Меншікті капитал жеткіліктігінің ең төмен деңгейін 2016 және 2017 жылдары ағымдағы деңгейде сақтап қалу қарастырылуда.

2016 жылдан бастап Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің халықаралық өтімділік стандарттары - өтімділікті өтеу коэффициенттері және тұрақты қор­лан­дыру неттосы кезең-кезеңмен ен­гізі­луде. Өтімділікті өтеу коэффициенті бо­йын­ша халықаралық талаптарға толық сәйкес келтіру 2021 жылға жоспарланып отыр. Тұрақты таза қорландыру коэф­фициенті 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Сондай-ақ, меншікті капиталдың ең төмен жеткіліктігін толықтыру үшін қадағалау үстемеақысы енгізілген. Атап айтқанда, қадағалау үстемеақысы NPL-ді 10%-дан кем деңгейге дейін төмендету бойынша іс-шаралардың жеке жоспарын бұзған банк үшін 2 пайыздық тармақты құрайтын болады.

Қадағалау үстемақысының екінші ком­поненті жеке тұлғалардың депозиттеріне қатысты банктің нақты меншікті капита­лынан капитал тапшылығын шегеру тү­рінде көзделіп отыр және де қорлан­дыру көздерін әртараптандыруды ынта­ландыруға бағытталған.

Бұл жерде, Базель III стандарттарын енгізбес бұрын, банк секторының қызметіне жаңа талаптардың әсерін талдау және бағалауды қамтыған жүйелі алдын алу жұмыстары, сондай-ақ Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы алаңында банк қауымдастығымен жан-жақты талқылау жұмыстары жүргізілетінін атап өту қажет.

ШОБ субъектілерін кредиттеу және тұрғын үй қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ипотекалық қарыздар, ШОБ субъектілерінің қарыздары, сондай-ақ Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттары бойынша резервтермен өтелген қарыздар бойынша меншік капиталының жеткіліктігіне талаптар төмендетілген. Сондай-ақ, теңге бағамының шетел валю­таларына құбылмалылығымен бай­­ланысты тәуекелдердің алдын алу мақсатында тиісті валюталық түсімі жоқ қарыз алушылардың шетел валютасымен қарыздары бойынша меншікті капиталға жоғары талаптар белгіленген.

Реттеушінің тәуекелдерді барынша азайту, сондай-ақ банк секторының орнықтылығын сақтау мәселелерінде жүргізіп отырған саясатын қорыта келе, жалпы алғанда экономиканың дағда­рыстан шығу жылдамдығы көптеген құрауыштарға, соның ішінде Ұлттық Банк пен Үкіметтің үйлескен іс-қимылдарына байланысты болатынын айтуға болады.

Олег СМОЛЯКОВ, Ұлттық Банк төрағасының орынбасары

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT