Cубсидияны тек ірі кәсіпкерлер ғана алады - сенаторлар

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенатта Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандағы шағын және орта бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі талқылаудың басты тақырыбы болды.

Комитет төрағасы Дәурен Әділбеков отырысты аша келіп, шағын және орта бизнес жұмысының дамуына кедергі келтіріп отырған бірқатар маңызды проблемалар мен кедергілерді өтті.

«Шағын және орта бизнеске несие беру жүйесінде проблемалар бар. Пайыздық мөлшердің көптігі, борыш ауыртпалығы, қарыздың мерзімін өткізіп алу қаупінің көбеюі салдарынан кәсіпкерлерге несиеге деген сұраныс төмендеп барады. Одан басқа, қаржыландырудағы қымбатшылық пен кепілмен қамтамасыз етуда жоғары талаптар қою проблемалары бар. Бизнес өкілдерінің пікірінше, егер екінші деңгейдегі банктерден несие алатын болса, бүгінгі таңда 14-15%-ға беріледі», - деді Дәурен Әділбеков.

Сенаторлар субсидияларды мемлекеттен тек ірі кәсіпкерлер ғана алып, шағын бизнес шетте қалады деп санайды. Депутаттарды сондай-ақ субсидия беру саласындағы «Қолдау» ақпараттық жүйесінің жетілдірілмеуі мәселесі де алаңдатады, ол сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алып тастаудың орнына, керісінше, олардың ұлғаюына ықпал етуі мүмкін.

Ұлттық экономика министрінің орынбасары Тимур Жақсылықов айтылған проблемаларды шешу туралы өз ойларын ортаға салды. Ол шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында шағын және орта бизнеске баса назар аудара отырып, мемлекеттік қолдау шаралары көзделетінін хабарлады. Олардың қатарында бизнестің басым салаларын дамытуға бағдарлау, бизнестің барлық субъектілерін қолдаудан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту басымдығына кезең-кезеңімен көшу, сондай-ақ шағын және орта бизнесті кредиттеуге микроқаржы ұйымдарын тарту үшін жағдайлар жасау бар.

Сонымен қатар, отырысқа сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы, индустрия және инфрақұрылымдық даму, қаржы министрліктерінің, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері қатысты.

Сенатор Дәурен Әділбеков отырысты қорытындылай келіп, мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары әзірге күтілген нәтиже бермегенін тағы да атап өтті. Депутаттар осыған байланысты салалық мемлекеттік органдарға бизнесті қолдау бағдарламаларына тиісті өзгерістер енгізу және мемлекеттік қолдаудың қаржылық емес шараларын алып тастау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Өйткені олардың тиімділігі күмән тудыратыны белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар