COVID-19 вирусынан екі млн адам қайтыс болды: БҰҰ басшысы мәлімдеме жасады

None
None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – COVID-19 вирусынан екі миллион адам қайтыс болды. Осыған байланысты БҰҰ Бас хатшысы мәлімдеме жасап, вируспен күресте, әсіресе вакциналарды тарату мәселесінде ынтымақтасуға шақырды. Бұл туралы ҚазАқпарат БҰҰ Жаңалықтар орталығына сілтеме жасап хабарлайды.

«Осы екі миллион адамның өмірін еске ала отырып, әлем күш жұмылдыруы керек», – деді БҰҰ басшысы. Оны вакциналардың айналасында пайда болған «вакуум» мазалайды. Гутерриштің айтуынша, табысы жоғары мемлекеттер вакциналарға тез қол жеткізсе, әлемдегі ең кедей елдерде керісінше орын алып отыр. Кейбір мемлекеттер астыртын келісім жасап, вакциналарды артығымен сатып алуда.

«Вакцина өндірушілер жауапкершілікті сезініп, COVAX механизмімен және бүкіл әлемдегі елдермен бірлесіп, вакциналарды қажетті мөлшерде жеткізіп, дұрыс тарату үшін жұмыс істеуі керек», – деді Бас хатшы. – Елдер вакциналардың артық мөлшерін бөлісуге міндеттеме алуы тиіс».

Осылар орындалғаннан кейін ғана әлемдегі медицина қызметкерлерін тез арада вакцинациялауға және денсаулық сақтау жүйелерін сақтап қалуға болатындығын айтты ол. Содан кейін барып басқа да қатер тобындағыларды вакцинациялауды жалғастыруға болады.

Антониу Гутерриш халықты вакциналар туралы хабардар етудің және адамдарда пайда болған сенімсіздікті жою қажеттілігін атап өтті. БҰҰ басшысы ғалымдар мен дәрігерлер өз жұмыстарын жүргізіп жатқанда, бәріміз де үлес қосуымыз керек екенін еске салды: «Бір-бірімізді қорғау үшін қарапайым және дәлелденген нәрселерді есте сақтайық: маска тағу, физикалық қашықтықты сақтау және көпшіліктен аулақ болу. Біздің әлем бұл вирусты бірлесіп әрекет еткенде ғана жеңе алады», – деп қорытындылады Бас хатшы.


Соңғы жаңалықтар