COVID-19: Шалғай аудан тұрғындарына көмекке әскери медицина қызметкерлері жіберілуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда коронавируспен күресуге азаматтық ұйымдармен қатар армия да атсалысады. Бұл үйлесімді жұмыс өзінің нәтижесін беруде, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта Қазақстанның Қарулы Күштерінде COVID-19-бен күресу бойынша іс-шараларды іске асыру және індеттің жеке құрам арасында таралмауын болдырмау жалғасуда.

Әскери бөлімдер мен мекемелер қажетті қорғаныс құралдарымен және медициналық мүлікпен қамтамасыз етіліп, эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Мамандар індеттің белгілері және науқастармен байланыс анықталған кезде уақтылы әрекет ету үшін жеке құрамның денсаулық жағдайына үнемі мониторинг жүргізеді.

Бүгін эпидемиологиялық жағдай жөніндегі кеңесте Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, өзіңізді және жақындарыңызды осы қауіптен қорғаудың жалғыз жолы – екпе алу. Әлемдік медицина әлі басқа әдістерді ұсынған жоқ және жақын болашақта ұсынуы екіталай.

Қарулы Күштерде жеке құрамның екпе алуы жалғасуда. Екпе алғандардың саны 100% жетті: оның 99% бірінші компонетті қабылдағандар болса, екінші компонентті 92%-ға жуық адам алды.

- Талдау көрсеткендей екпе алған әскери қызметшілердің ауруы жеңіл түрде өтеді. Олардың барлығы амбулаторлық ем қабылдауда, - деп түсіндірді ҚР ҚК Бас әскери-медициналық басқармасы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы полковник Әлбек Манабаев.

Сонымен бірге әскери дәрігерлер азаматтық ұйымдарда қызмет атқаратын әріптестеріне көмекке келуге әзір. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтанда әскери госпитальдер бөлінді. Елордадағы Бас әскери клиникалық госпиталі шілде айынан бастап коронавируспен сырқаттанғандарды емдеуді бастады.

– Алматы, Талдықорған және Үшаралдағы үш әскери-емдеу мекеме азаматтарды қабылдауға әзір. Аурудың ауыр ағымы бар науқастар келіп түскен жағдайға жансақтау бөлімшелер дайын. Олар өкпені жасанды желдету аппараттарымен, пульсоксиметрлермен, оттегі концентраторларымен және басқа да жабдықтармен жабдықталған, – деп хабарлады ҚР ҚК Бас әскери-медициналық басқармасы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы полковник Әлбек Манабаев.

Санитарлық-эпидемиологиялық орталықтың екі филиалы – «Астана» мен «Батыста» мамандардың саны артып, олардың құрамына эпидемиологтар, вирусологтар, бактериологтар мен зертханашылар енгізілді.

Аягөз, Талдықорған, Сарыөзек және Семейдің әскери госпитальдарында қосымша төрт инфекциялық изолятор жұмыс істейді. Нұр-Сұлтан мен Алматыда екі стационарлық ПТР-зертхана, сондай-ақ Ақтау мен Семейде ПТР-тестілеуді өткізу мүмкіндігі бар мобильді зертханалық кешендер жұмыс істейді.

Алшақта орналасқан аудандардың тұрғындарына көмек ретінде дәрігерлік-мейіргерлік бригадалар мен Қарулы Күштердің санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің мамандары қысқа мерзімде жіберілуі мүмкін.


Соңғы жаңалықтар