COVID-19: «Рахат» фабрикасы 24 маусымға дейін жұмысын тоқтатты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Рахат» кондитерлік фабрикасы қызметкерлерінің арасында COVID-19 анықталуына байланысты фабрика 24 маусымға дейін өз еркімен қызметін тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметтері бойынша, 3 маусымнан бері қалада COVID -19 жұқтыру деңгейі артқан. Осыған байланысты коронавирус инфекциясының таралуын тежеу және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша жан-жақты шаралар қабылданып жатыр.

«Маусым айында азаматтардың өздерінің жүгінуі және ұйымдар арасында ошақтардың пайда болуы есебінен ауру деңгейінің өскені байқалады. СЭС талаптарын бұзуына байланысты Көк базар да «Рахат» кондитерлік фабрикасы сияқты жабылып, айыппұл салынды. Біздің қазіргі міндетіміз - ұйымдардың өздері бүгінгі таңда азаматтардың денсаулығы қымбат екенін түсінуілері үшін шаралар қабылдау», - деді Алматы қаласы бойынша Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы – Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.

«Рахат» фабрикасында 30 мамыр мен 4 маусым аралығында 10 адамнан КВИ анықталған. Бірінші, фабриканың бір қызметкері жоспарлы операцияға түскен кезде одан вирус табылған. Кейін зауытқа кіреберісте тұрған тепловизор арқылы тағы 8 адамның қызуы жоғары екені анықталды. Олардың барлығында коронавирус анықталды.

Фабриканың 1500-ге жуық қызметкері тексерілген. Олардың ішінде 467 адамнан вирус табылды. Оларда симптом белгілері болмаған. Олардың барлығы үй карантиніне жіберілді.

Сонымен қатар, Алматыда санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін Көк базарға 620 АЕК көлемінде айыппұл салынғанын кеше хабарлаған болатынбыз.

«Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешіміне сәйкес, «Компания «Достар-Коммерц» ЖШС (Көк базар) 620 АЕК (1 722 360 тг) көлемінде айыппұл салынып, қызметі 1 айға тоқтатылды», - деді департамент басшысы.

Еске сала кетейік, 21 мамырда тексеру кезінде Көк базар аумағында көп ереже бұзушылықтар анықталған еді. Келушілерд әлеуметтік қашықтық сақтамаған. Базар басшылығының ескертпелерді елемегені 12 маусымда жүргізілген тексеру кезінде анықталды.



Соңғы жаңалықтар