COVID-19: Нұр-Сұлтанда жансақтау бөлімінде тек вакцина алмағандар жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада коронавирус індетімен күресіп, жансақтау бөлімінде жатқан науқастардың дені вакцина алмағандар. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта коронавирус агрессивті бола бастады, яғни вирус тек тыныс алу жүйесін ғана зақымдамайды. Мутацияға ұшыраған вирусқа 25 жас пен одан жоғары азаматтар жиі шалдыға бастады. Атап айтқанда, сырқаттар тыныс алу жүйесінен бөлек, асқазан-ішек жолының бұзылуы, жүйке жүйесінің бұзылуы, буын ауруларының да зардабын тартып отыр. Пациенттер орташа немесе ауыр жағдайда түсіп жатыр. Олардың көбі өкпеге оттегі беруді қамтамасыз ететін көмекші аппараттарды қажет етеді, олардың басым көпшілігі екпе алмағандар мен санитариялық талаптарды елемеген адамдар. Жансақтау бөлімдерінде екпе алмаған азаматтар жатыр. Олардың жасы 35 және одан жоғары», - деді Тимур Мұратов ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінде 243 науқас жансақтау бөлімінде жатыр және 55 сырқат өкпені жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Осыған дейін елордада жедел жәрдем қызметіне тәулік ішінде 3 мыңнан астам қоңырау шалынғаны хабарланды.


Соңғы жаңалықтар