COVID-19: карантин талаптарын бұзу деректері тыйылмай тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сақтық шараларын барынша сақтау керектігі қаншалықты айтылып жатқанмен, елде ескертуді елемейтіндер көп. Басқаны былай қойғанда, той-жиын өткізетіндерді тоқтату қиын болып тұр. Мына қауіпті індеттен толық тазарғанша шыдауға болар еді. Амал қанша, миллиондап айыппұл арқалатқаннан да пайда шамалы сияқты. Осы және өзге де еліміздегі коронвирус инфекциясына қатысты қысқаша шолу жасап көрген едік.

Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясынан 14 096 адам ем қабылдап жатыр. Олардың арасында 1 010 бала бар. Стационарларда 3 687 науқас жатыр, 10 409 адам амбулаториялық жағдайда емделуде. Жалпы науқастардың арасында 241 адамның жағдайы нашар. Соның ішінде 39 науқастың жағдайы өте ауыр деп бағаланған. 33 науқас жасанды тыныс алу аппаратында жатыр. Өткен тәулікте COVID-19 белгілері бар пневмонияның 33 жағдайы тіркелген. Ал, 712 адамда коронавирус індеті ПТР-тест арқылы расталып, инфекция жұқтырғаны белгілі болды. Биыл 1 тамыздан бергі науқастар саны 43 106, өлім жағдайлары 454, сауығып шыққандардың саны 30 956 адам екен. Бұл дәл бүгінгі таңдағы ресми көрсеткіштер.

Қараша, желтоқсан айларында Алматыда карантин талаптарын бұзғандарға 70 млн теңгеге жуық айыппұл салыныпты. Мониторингтік топтар 4000-нан астам нысанды тексерген. Нәтижесінде 945 санитарлық-эпидемиологиялық талапты сақтамау дерегі тіркелді. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай 170 заңды және 530 жеке тұлғаға жиыны 770 әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Ал, Жамбыл облысында карантин режимі мен санитарлық нормалардың сақталуын тексеретін мобильді топ Тараз қаласында, Байзақ және Қордай аудандарында 6 отбасылық іс-шараның өткізілгенін анықтады. Қалған іс-шаралардағы жалпы қонақтар саны 300-ден астам адамды құраған. Шақырылғандардың қатарында 5-тен 73 жасқа дейінгі адамдар бар. Барлық қонақтарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ал іс-шараларды ұйымдастырушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Шығыс Қазақстан облысында эпидемияға қарсы нормалар мен ережелердің сақталуын бақылау бойынша рейдтік шаралар жүргізілді. Облыс орталығында 4 желтоқсан күнгі мониторингтік іс-шаралар барысында 533 нысан қамтылып, шектеу режимін бұзған 17 факті тіркелді. Сонымен қатар, сақтық шаралар бұзған «Продукты», «Амина», «Марс» дүкендерінің иелеріне айыпұл салынды. Жоғарыда анықталған заң бұзушылықтарға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 125 010 теңгені құрады. Семей қаласында бұрын анықталған 5 факті бойынша айыппұл салынды: 2 айыппұл тыйым салынған уақытта қызмет көрсеткен «Тамыр» сауда үйі мен «5 звезд» моншасының иелеріне, 3 айыппұл «Алтын ғасыр» мейрамханасында өткізілген отбасылық іс-шараға (құдалық) қатысқан тұрғындарға салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы - 638 940 теңге.

Қазақстанға шетелден келген 348 жолаушы карантинге жіберілді. Кеше ел аумағына Германия, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия сынды 13 мемлекеттің жолаушылар ұшағы келіп қонды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің хабарлауынша, 1700-ден аса жолаушының 1300-інде ғана індет жұқтырмағанын растайтын анықтама болған. Алматы, елорда және Ақтөбе әуежайларына қонған ұшақ жолаушыларынан дереу сынама алынды. Нәтижесінде олардан қауіпті індеттің белгілері табылмаған.

Түркістан облысында COVID-19 індетіне шалдыққан әйел дені сау баланы дүниеге әкелді. Сайрам ауданының 25 жастағы тұрғыны коронавирус инфекциясының симптомсыз түрімен дәрігерлер бақылауында болған, деп хабарлайды Coronavirus2020.kz. Аяғы ауыр келіншек толғағы басталғанда Сайрам аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер ана мен бала өміріне төнген қауіпке байланысты кесарь тілігімен босандырып алған. Дер кезінде жасалған шұғыл медициналық көмектің арқасында әйел дені сау сәбиді дүниеге әкелді. Қазіргі таңда оның жағдайы қанағаттанарлық, перзентханада дәрігерлердің бақылауында. Мамандар нәрестенің де жағдайы жақсы екенін айтады. Жалпы бұл Сайрам ауданында пандемия басталғалы коронавирус инфекциясының симптомсыз түрі анықталған алтыншы әйелдің босануы. Босанған әйелдер дертті жеңіп, диспансерлік есептен алынған.

Ғалымдар коронавирустың антиденелерге қарсы тұра алатын мутацияға ұшыраған жаңа түрін анықтағанын мәлімдеді. Бұл туралы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram-каналында жарияланды. Фред Хатчинсон атындағы онкологиялық зерттеулер орталығының мамандары індетпен күресу мақсатында дайындалған антиденелерден жалтара алатын SARS-CoV-2 мутациясын анықтаған. Тәжірибе ретінде ғалымдар карта жасап, оған науқастарға мамандандырылған терапия аясында берілетін үш моноклоналды антиденелердің өзара байланысуына жол бермейтін COVID-19 мутациясының барлық мүмкін болған түрлері енгізілген.


Соңғы жаңалықтар