COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинациялау қашан басталуы мүмкін - сарапшы пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінде әлем жұртшылығын коронавирусқа қарсы вакцинаның әзірленуі мен халықты жаппай вакцинациялау мәселесі толғандырып отыр. Бұл ретте әлемдік деңгейдегі бірнеше компанияның вакцина жасап жатқаны және препараттың таяу уақытта шығарылатындығы да белгілі. Вакцина жасау ісімен айналысып жатқан елдердің қатарында Қазақстан да бар. Бұған қоса, еліміз Ресеймен бірлесіп, COVID-19-ға қарсы вакцина шығаратын өндірісті жолға қою мәселесін де пысықтауда. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, профессор Вячеслав Локшин коронавирусқа қарсы вакцинаның қашан шығуы мүмкіндігіне қатысты ойымен бөлісті.

«Вакцинаның дайын болғаны жайында жақсы хабар бар. Алайда, оның Қазақстанға жетуіне не болмаса өзіміздің ғалымдар әзірлеп жатқан вакцинаның қабылдануына әлі де болса жарты жыл, тіпті 1 жыл уақыт керек», - деді Вячеслав Локшин.

Сонымен қатар ғалым Қазақстан мен Ресейдің COVID-19-ға қарсы вакцинаны бірлесе шығару мәселесіне қатысты ойын білдіріп өтті.

«Өкінішке орай, әлі күнге дейін Ресейде қауіпсіздігі нақты дәлелденген вакцина жоқ. Дегенмен, Чумаков атындағы институт әзірлеп жатқан үшінші вакцинаға үлкен үміт артып отырмын. Ол өзінің өндірісі бар классикалық институты саналады. Меніңше, егер олар клиникалық сынақты - үшінші фазаны өткізетін болса, онда вакцинаның әзірленгендігіне үлкен үмітіміз болады», - деді профессор.

Алайда, Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының президенті ел азаматтарын еркінсуге жол бермеуге және санитарлық нормаларды қатаң сақтауға шақырды.

«Жағдайдың мұнан ары қалай өрбитіндігін әлі білмейміз. Қазіргі уақытта америкалық, еуропалық вакциналарды біліп отырмыз. Бұл өте жақсы. Бірақ, олар қолданысқа енгізілгенге дейін өмір сүруіміз қажет. Вакциналар жаппай пайдалануға енгізілгенге дейінгі 3-4 айдың ішінде сақтық шараларын сақтамайтын болсақ, онда көптеген адамның өмірін вирус жалмауы мүмкін», - деді ол.

Айта кетерлігі, таяуда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесіп, онда тараптар әңгімелесу барысында коронавирус пандемиясымен күрес, оның ішінде Қазақстан аумағында бірлескен вакцина өндірісін ұйымдастыру жоспарын талқылаған еді. Ал Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министр - Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов осы мәселеге түсініктеме берген болатын.

«Кеше Мемлекет басшылары телефон арқылы әңгімелесу барысында бұл мәселені көтерді. Бүгінгі күні бұл мәселе пысықталуда. Бұл идея бір күн бұрын ғана туған еді. Сондықтан дәл қазір нақты ештеңе айта алмаймын», - деген еді Ерлан Қиясов.

Сонымен қатар ол еліміз коронавируспен күрес үшін сатып алуы мүмкін 3 вакцинаны атаған болатын.

«Бүгінгі күні әлемде белгілі әрі нақтыланған 198 вакцина-кандидат әзірленіп жатыр. 42 вакцина адамдарға клиникалық сынақтан өтуде. Қазіргі уақытта келешегі бар деп 3 вакцинаны бөле қарастырып отырмыз. Олар Оксворд вакцинасы, Ресейде әзірленіп жатқан «Спутник-5» және қазақстандық вакцина. Мұнан бөлек, қазақстандық ғалымдар әзірлеп жатқан вакцинаға да үлкен үміт артып отырмыз. Бұл вакцинаның алғашқы сынағы өткізіліп, қазіргі уақытта екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Келесі жылдың басында осы вакцинаны бейімдеудің үшінші сатысына кірісеміз деген үміт бар. Ал вакцинациялауға жататын адамдар санына қатысты жұмыс жүргізілуде. Алдын ала болжамды сан 2 млн-нан астам адам болатын. Қазіргі уақытта қосымша контингент анықталып отыр. Сондықтан бұл санды ұлғайта түсеміз. Ал вакцинаны таңдау сынақтың үшінші кезеңі өткізіліп, оны тіркеудің барлық заңды процедуралары жүргізілгеннен кейін ғана анықталады», - деді вице-министр.

Қазан айының ортасында еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеулерден өткізуге келісім бергенін мәлімдеген болатын.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеулерден өткізуге ресми түрде рұқсат берді. Вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау мақсатында 2020 жылғы 17 қыркүйекте Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының базасында қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеудің I кезеңін жүргізуге рұқсат берілді. 17 қарашада II кезеңнің клиникалық зерттеулері және 2021 жылдың 24 сәуірінде III кезең аяқталады», - деген еді министр.

Сонымен қатар ол Қазақстанда вакцина өндіретін зауыт салынып жатқанын айтқан еді.

«Ол зауыттың қазақстандықтардың қажеттіліктерін өтеуге күші жетеді. Өз вакцинамыз сынақтың барлық сатысынан өткен жағдайда осы зауыттан шығарылатын болады. Клиникалық сынақтан өткенге дейін вакцинаның бағасы қанша болатыны нақты белгілі емес, бірақ 2-3 доллар көлемінде болады деп ойлаймыз», - дейді ол.

Айта кетерлігі, бүгін ғана Үлкен жиырмалыққа (G20) кіретін ел басшылары коронавирусқа қарсы вакциналар мен дәрі-дәрмектердің, сондай-ақ кедей елдер де көмек алуы үшін коронавирус инфекциясына тестілердің тең дәрежеде бөлінуін қаржыландыру міндеттемесін қабылдауға ниетті екендіктерін білдірген болатын. Сонымен қатар биыл «жиырмалық» мемлекеттері пандемияның салдарына қарсы тұру үшін бірқатар шара қабылдады. Атап айтқанда, коронавирус вакцинасын өндіруді және таратуды қолдау мақсатында әлемдік денсаулық сақтау жүйесіне 21 миллиард доллар салу туралы шешім қабылданды. G20 елдері, сондай-ақ, әлемдік экономиканы қалпына келтіруге 11 трлн доллар бөлді.


Соңғы жаңалықтар