COVID-19-ға қарсы вакцинаны өздеріне сынаған қазақстандық ғалымдардың жағдайы жақсы – институт

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – COVID-19-ға қарсы жасаған вакцинаны өздеріне сынап көрген қазақстандық бес ғалымның жағдайы жақсы. COVID-19 ауруына қарсы QazCovid-in вакцинасының әзірленуіне қатысты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты осындай хабарлама таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Вакцина COVID-19-ға қарсы бірінші отандық вакцинаны дайындау және сақтау технологиясын әзірлеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын тікелей орындайтын институттың ғылыми қызметкерлерін толықтай эпидемологиялық қорғау үшін қажет болды. Аталған ғылыми қызметкерлер COVID-19-ға шалдығып қалған жағдайда институт отандық вакцина әзірлеуге бағытталған маңызды мемлекеттік міндетті орындайтын ең құнды мамандарынан ұзақ уақытқа айырылып қалар еді. Өзі дайындаған вакцинаны вакцинациялау медициналық және иммунобиологиялық препараттарды әзірлеушілердің жария емес ғылыми стандарты саналады. Әзірлеуші ең алдымен өзінің әзірлемесінің қауіпсіздігі мен иммуногендігін өзіне сынауы тиіс. Екіншіден, өзінің зерттеуінің нәтижесі мен сапасы үшін толықтай жауапкершілік алады. Осылайша, клиникалық сынаққа қатысатын еріктілердің қауіпсіздігіне кепілдік береді», - дейді институт директоры Күнсұлу Закарья.

Институт басшысының айтуынша қазақстандық вакцинаны өздеріне сынаған ғалымдардың бірнеше тәулік өткеннен кейін өздерін сезінуі жақсы, дене қызуы мен аллергиясы жоқ.

Еске сала кетсек бұған дейін қазақстандық бес ғалымның COVID-19-ға қарсы жасаған вакцинаны өздеріне сынап көргенін хабарлаған едік. Институттың хабарлауынша COVID-19-ға қарсы QazCovid-in вакцинасын институттың бас директоры К.Закарья және ғылыми қызметкерлер: Л.Құтымбетов, Б.Хайруллин, М.Орынбаев, Қ.Сұлтанқұлов, Е.Әбдірайымов, С.Нұрабаев өздеріне сынаған.



Соңғы жаңалықтар