COVID-19: Еуропа елдері шектеу шараларын күшейтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуропаның бірқатар елі Рождество мен жаңа жыл қарсаңында шектеу шараларын күшейтті. Оған короновирус инфекциясын жұқтыру деректерінің көбеюі себеп болып отыр. Ал, АҚШ бастаған біраз ел короновирусқа қарсы екпе салуды бастап кетті. Осы және өзге де әлемдегі ахуал жөнінде қысқаша шолып өтейік.

Еуропаның кей елдері Рождество мен жаңа жыл қарсаңында карантиннің шектеу шараларын қатаңдата бастады. Бұған аймақтағы эпидемиологиялық ахуал себеп. Грекия карантинді қаңтардың 7-сіне дейін ұзартып отыр. Оған дейін аймақта енгізілген коменданттық сағат өз күшінде болады. Мектептер мен қоғамдық тамақтану орындары әзірге ашылмайды. Ал Францияда Рождество қарсаңында коменданттық сағат алынып тасталғанмен, өңірдегі бар мейрамхана мен тау шаңғы курорттық жерлері қаңтардың 20-сына дейін жұмысын жандандыра алмайды.

Нидерланд үкіметі 15-желтоқсаннан 19 қаңтарға дейін қатаң локдаун енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Елде 15-желтоқсаннан бастап қоғамдық орындар, атап айтқанда саябақтар, спортзалдар, мұражайлар, хайуанаттар бағы, кинотеатрлар, шаштараздар мен сұлулық салондары жабылады. Тек супермаркеттер, банктер мен дәріханалар жұмыс істейді. Сондай-ақ тұрғындарға үйде болуға кеңес беріледі, көшеде де, үйде де екі адамнан көп жиналуға тыйым салынады. Тек Рождество кезінде үш адамның жиналуына рұқсат етіледі.

Лондонда шектеулердің ең жоғарғы үшінші деңгейі енгізіледі. Билік мұндай қадамға Лондонда індет өршігендіктен барғалы отыр. Оның үстіне коронавирустың өте жылдам тарайтын жаңа штаммы пайда болып, әбігерге салуда. Сәрсенбіден бастап Англияның 61% жуық тұрғыны, яғни 34 миллион халықтың қатаң шектеулердің талаптарына бағынулары керек болады. Пабтар, мейрамханалар, театрлар, кинотеатрлар және басқа да көңіл-көтеру орындары жабылады. Үйге жеткізіп беру қызметі, оқу орындары, дүкендер, сұлулық салондары және шаштараздар жұмыс істей бермек. Тұрғындарға қаладан шықпауға және қоғамдық көлік пайдаланбауға кеңес беріледі. Көшеде алты адамнан артық жиналуға тыйым салынады. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, Ұлыбританияда өте тез тарайтын коронавирустың жаңа түрі пайда болып, инфекция өрши түскен.

Түрік үкіметі коронавирустың таралуын тоқтату мақсатында жаңа жылға 4 күндік коменданттық сағат енгізді. Бұл туралы осы елдің президенті Режеп Тайып Ердоған министрлер кабинеті отырысынан кейін мәлімдеді. Жаңа ереже желтоқсанның 31 күні сағат 21:00-ден күшіне еніп, қаңтардың 4-і күні таңғы 05:00-де аяқталады. Екі апта бұрын, Түркия дүйсенбіден жұмаға дейін коменданттық сағат, демалыс күндеріне толық локдаун жариялаған еді. Сондай-ақ тамақтану орындарының жұмысын курьерлік және өзіңмен алып кету қызметі арқылы бастаған. Сауда орталықтарына тек коронавирус инфекциясын таралуына тосқауыл қоюға арналған арнайы код арқылы кіру мүмкін. Соңғы тәулікте Түркияда коронавирусты 29 мыңнан астам адам жұқтырған екен. 229 адам қайтыс болыпты.

Санкт-Петербургте жағдай қиындай түскен.Соңғы аптада шаһардың емдеу орталықтарына коронавирус диагнозымен 5 жарым мыңнан астам адам түскен. Салдарынан қала ауруханаларына салмақ түсіп, емдеу орталықтары қиындыққа тап болды. Сондықтан билік вирус жұқтыру біршама бәсеңдегенмен босаңсуға болмайды деп отыр. Жалпы Санкт-Петербургте індет тарағалы вирусты 180 мыңға жуық адам жұқтырыпты. 6 мыңнан аса науқас көз жұмған. Жергілікті билік жаңа жыл алдында кеселмен күресу үшін шектеулерді қатаңдатты.

Әлемнің бірқатар елі коронавирусқа қарсы дәріні өз аумағында қолдануға рұқсат беріп, халыққа екпе салуды бастады. Америкада халықты жаппай вакциналау науқаны басталды. Pfizer мен BioNTech компанияларының препараты елдің түкпір-түкпіріне жеткізіліп, азаматтар егіле бастады. Дертке дәрмен болатын дәріні ең бірінші болып Нью-Йорктегі жансақтау бөлімінде қызмет ететін медбике қабылдады. Алдағы күндері АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғалары да COVID-19 вакцинациясын қабылдайды. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, шенеуніктерге аталған препарат алдағы 10 күн ішінде кезек-кезек егіледі. Мәселен, бүгінге дейін вакцинаның алғашқы дозасын АҚШ-тың қорғаныс министрі міндетін атқарып жүрген Крис Миллер қабылдаған. Канадада да қазір жаппай вакцинация жүріп жатыр. Pfizer мен BioNTech-тің препараты бірінші кезекте медицина қызметкерлері мен қарттарға егілуде. Өйткені қауіпті инфекциядан қайтыс болған 13 мыңнан астам адамның 60%-і егде жастағылар екен. Әзірге елге 30 мың доза ғана жетіп, олар бүкіл ел бойынша орналасқан 14 вакцинация орталығына үлестірілген. Алдағы екі аптада тағы 200 мың вакцина дозасы келуі керек. Жалпы Канада АҚШ пен Британиядан кейін Pfizer мен BioNTech препаратын қолдануға рұқсат берген әлемдегі үшінші ел. Сингапурда Pfizer мен BioNTech компаниялары бірлесіп әзірлеген COVID-19-ға қарсы вакцинаны қолдануға рұқсат етілді. Бірақ шешім уақытша ғана қабылданған. Жергілікті билік «вакцина толық тіркеуден өтуі үшін препараттың ұзақ мерзімді тиімділігі дәлелденуі тиіс», деп отыр. Вакцинаның алғашқы партиясы Сингапурге желтоқсанның соңында жеткізіледі. Бұл елде бүгінде вирус жұқтырғандар саны 58 мыңнан асқан.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың жаңа мутациясы туралы хабарлады. Мутация нәтижесінде пайда болып, Ұлыбританияда тараған коронавирустың SARS-CoV-2 жаңа штамы бұрынғыға қарағанда тез таралады, бірақ аурудың қауіптілік деңгейін өзгертпейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19-ға қарсы жаһандық күрес жөніндегі арнайы өкілі Дэвид Набарро осылай деді, деп хабарлады Sky News. «Ол өте жұқпалы, бірақ аса қауіпті емес», - деді. Набарро жаңа штамға байланысты эпидемиямен күресудің тәсілдеріне өзгерістер енгізілмейтінін атап өтті. Еске салсақ, бұған дейін Ұлыбританияда коронавирустың тез таралатын түрі шыққаны туралы хабарланған еді.

Қытайдың 6 ауданында коронавирус өршіп тұр. Бір күнде 25 адамнан анықталды. Мамандар індет бірнеше жолмен таралып отырғанын айтады. Мәселен, импортты тауарлар вирус тасымалдаушыға айналған. Тағы бір себеп – тұмаумен ауыру кезеңі басталды. Мәселен, Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданына қарасты Турфанда жағдай ушыға түскен. Билік қаладағы вирустың таралу сипаты бұрынғы жағдайға еш ұқсамайтынын айтып отыр. Вирус штампы Үрімжі мен Қашғардағы бұрынғы түрлеріне ұқсамайды. Қазір Қытайда 6 вакцина клиникалық сынақтың үшінші кезеңінен өткізіліп жатыр. Жергілікті «Sinopharm» компаниясының екпесін Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері ресми мақұлдаған. Оны Индонезия, Түркия, Бразилия мен Мексика да алатын болды. Жыл аяғына дейін 600 млн дозаға дейін өндірілмек. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасы.

Есімеген елде көп, деген бар еді ғой. АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ұлттық ветеринариялық зертханасы жабайы табиғатта тіршілік ететін жануардың коронавирус инфекциясын жұқтырғанын растапты. Вирус Юта штатындағы күзен фермасы маңында жүргізілген эпидемиологиялық зерттеу аясында күзеннен анықталған. «Біздің білуімізше, бұл – жабайы жануардан анықталған SARS-CoV-2-дың алғашқы жағдайы», - делінген хабарламада. Бұл оқиға туралы ақпарат Дүниежүзілік жануарлардың денсаулығын қорғау ұйымына жіберілген.

Соңғы жаңалықтар