COVID-19: Еліміздегі 240 науқастың жағдайы нашар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлемді әбігерге салған COVID-19 қазақ елінің де қабырғасына қатты батты. Ала жаздай арқандалған бұзаудай ауласынан ұзай алмаған жұртты көрдік. Қаншама кәсіпкердің жұмысы тоқтап, табысынан қағылды. Осының бәрі елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына кері әсерін тигізді. Екпіні басылмай тұрған індеттің зардабы мен салдары да қиын болып тұр. Бас аман болса бәрі орнына келер деген үміт оты сөнбесі анық. Дегенмен, елдегі қазіргі ахуалды бір шолып көрсек.

Дәл бүгінгі таңда коронавирус инфекциясынан 13 998 адам ем алып жатыр. Олардың арасында 1 041 бала бар. Стационарларда 4 139 науқас жатыр, 21 828 адам амбулаториялық жағдайда емделуде. Жалпы науқастардың арасында 240 адамның жағдайы нашар екен. Соның ішінде 35 науқастың жағдайы өте ауыр деп бағаланған. 40 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Бұл науқастардың тезірек сауығып кетуіне тілекшіміз.

Алда Тәуелсіздік мерекесі мен жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Бірақ, биыл бұл мерекелерді отбасында, ошақ қасында атап өткеннен абзалы жоқ. Еліріп ел аралап кететін тентектер болса тезге салатындар да бар екенін ұмытпау керек. Мереке күндері карантин режимінің бұзылмауын қадағалайтындар мен анықтайтын мобильді топтың жұмысы күшейтіледі. Мысалы, кейінгі тәулікте Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына полициядан карантинді бұзған адамдарға қатысты 2271 материал келіп түсіпті. Жалпы сомасы 229 377 234 теңгені құрайтын 1167 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұған дейін бірқатар түнгі клубтар мен мейрамханаларға қатысты бұйрықты орындамағаны үшін Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 7 әкімшілік хаттама жіберілгені хабарланған болатын. Олар – «SOVA» караоке-бары, «Жаным Сол» караоке-бары, «Alanya» түнгі клубы, «Teqila» лаундж-бары, «Echo» бары, «Золото» мейрамханасы. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілдері соттан олардың қызметін 3 айға дейін тоқтата тұруға өтінім жібереді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көшеде және көпқабатты үйлердің аулаларында, әсіресе ойын-сауық мекемелерінің алаңдарында және басқа да азаматтардың жаппай демалатын орындарында патрульдер ұйымдастырылады.

Елорда «қызыл аймақтан» шыққан жоқ. Бір тәулікте 47 адамнан қауіпті вирус табылған. Осыған байланысты, алдағы жексенбі күні сауда-ойын-сауық орталықтары жұмыс істемейді. Алайда қала сыртына шығам деушілер үшін жол ашық. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен өткен брифингте мәлім болды. Сонымен бірге мамандар адам қарасы қалың жерге бармау, ұжымдық шараға қатыспау, салқын тиюдің алдын алу және құттықтау үшін қашықтан байланыс құралдарын қолдануға кеңес берді. Мәлім болғандай, коронавирусты қайта жұқтыру дерегін анықтау үшін клиникалық хаттамаға өзгертулер енгізілуі тиіс. Ал Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар және Атырау өңірлері сары аймаққа өтті. Мамандар қалған облыстардағы жағдай тұрақты деп отыр. Айта кетейік, вирус жұқтырудың тәуліктегі көрсеткішіне байланысты өңірлердің эпидемиологиялық түсін әр аймақтың бас санитары белгілеп, карантиндік шараларды қатаңдату немесе жеңілдету жөнінде шешімін шығарады.

Павлодар облысы коронавирус инфекциясының таралуы бойынша «қызылдан» «жасыл» аймаққа енгендіктен, бірқатар карантиндік шектеулер жеңілдетілді. Сала мамандарының хабарлауынша, аймақта эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына байланысты өңірдегі тосқауыл бекеттері алынды. Қалааралық, ауданаралық жолаушылар тасымалы жанданады. Қоғамдық көліктерге қатысты локдаун да алынды. Мереке және демалыс күндері автобустар мен трамвайлардың жұмысы тоқтамайды. Қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы түнгі 22:00-ге дейін, сауда орындарының жұмысы түнгі 23:00-ге дейін ұзартылды. Аймақта соңғы тәулікте инфекция жұқтырудың 71 дерегі тіркелді. Ақсу қаласындағы қарттар үйіндегі жағдай да тұрақталып келеді. Ауру жұқтырғандардың барлығы медициналық бақылауда. Өлім-жітім тіркелген жоқ.

Қостанайда да карантиннің шектеу шаралары жеңілдеді. Аймақта жабық спорттық нысандардың жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Тұрғындарға жексенбіден басқа күндері таңғы 08:00-ден кешкі 22:00-ге дейін жаттығу жасауға мүмкіндік берілді. Бассейндер де жұмыс істейді. Аквапарк, монша, сауда-саттық орындары мен қоғамдық көліктер белгіленген кесте бойынша жұмысын жалғастырады. Өңірде қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс режимі түнгі сағат 23:00-ге дейін ұзартылды. Ал, кинотеатр, ойын-сауық орталықтарының жұмысына тыйым салынған.

Ал, Атырау облысындағы эпидемиологиялық ахуал әзірге толық оңалмай тұр. Соңғы тәулікте 39 адам қауіпті індетке шалдыққан. Әзір облыста карантиндік тәртіп күшейтілген жоқ. Дегенмен, 16-17 желтоқсан, мереке күндері базарлар мен ірі сауда нүктелері жұмыс істемейді. Қоғамдық тамақтану орындары мен азық-түлік дүкендері және дәріханалар жұмысын жалғастырады. Соңғы екі аптада ауру жұқтырғандар саны артты. Көбі Теңіз кенішіндегі жұмысшылар арасынан анықталды. Кеніштегі блок-бекетті айналып кірмек болған 4 адам ұсталды. Екеуі Ресей азаматы болып шықты. Құжаттарын тексеру барысында үш жолаушының, оның ішінде бір ресейліктің қолында ПТР-анықтамасы болмаған.


Соңғы жаңалықтар