COVID-19 екінші толқыны кезінде Павлодардағы ауруханалар өз бейіні бойынша жұмысын жалғастырады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - COVID-19-дың екінші толқыны кезінде Павлодардағы ауруханалар өзінің көп бейінділігін сақтайды және жоспарлы медициналық көмек көрсететін болады. Бұл туралы «Достық үйінде» облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов қатысуымен өткен қоғамдық кеңестің кезекті жұмыс кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңес отырысы барысында қылмысқа қарсы күрес мәселесі қаралды. Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов бүгінде өңірде ұрлық пен алаяқтық фактілері жиі тіркелетінін атап өтті. Сонымен қатар, облыста учаскелік инспекторлар жетіспейді. Қалалар мен аудандарда қазір 291 инспектор жұмыс істейді. Тағы 98 учаскелік инспектор қажет. Полиция қызметінің осы және басқа да мәселелері, соның ішінде облыстық бюджет қаражаты есебінен де шешіледі.
- Бюджетті нақтылаған сайын құқық қорғау органдарына материалдық қолдау көрсетіліп келді. Бүгінгі таңда біздің алдымызда әрдайым заманауи стандарттарға сай келе бермейтін патрульдік-күзет қызметтері мен тірек пункттерімізді цифрлау міндеті тұр. Тек көшелерде ғана емес, мектептердің жанында, біздің қалалар мен аудандардың аулалары мен шет жағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды. Сонда ғана біздің ішкі істер органдары тұрғындармен жұмыс істеудің сервистік моделіне көшеді, - деп атап өтті Павлодар облысының әкімі.
Кездесуде денсаулық сақтау мәселелері де талқыланды. Қоғамдық кеңес мүшесі Сергей Гуляев коронавирусқа қарсы күреске байланысты жүйенің жұмыс жүктемесінің көптігінен жоспарлы медициналық көмекке мұқтаж өңір тұрғындары қараусыз қалып қоймауына назар аударды. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдар Сейітқазинов облыстағы ең ірі медициналық орталықтардың бірі - кардиологиялық орталық және онкодиспансер жоспарлы көмек көрсету үшін бейінділігін сақтайтынын атап өтті.
«Павлодар қаласының № 1 ауруханасы шұғыл көмек көрсету үшін қалады, Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық клиникалық аурухана және №3 қалалық аурухана өзінің көп бейінділігін сақтайды және жоспарлы медициналық көмек көрсететін болады. COVID-19-дың алғашқы толқыны кезінде емханалар жұмысын тоқтатып, олардың қызметкерлері провизорлық және инфекциялық стационарларға ауыстырылса, бұл жолы олар өз бейіні бойынша жұмыс істейтін болады. Ол үшін мобильді бригадалар құрылды, тікелей емханаларға келіп түсетін пациенттер үшін сүзгілер, «таза» және «лас» аймақтар көзделген», - деді ол.
Павлодар облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұрлан Нәбиев атап өткендей, өңірдегі коронавирус инфекциясының алғашқы толқынынан кейін қабылданған шаралар белгілі бір үміт отын жағып отыр.
«Биыл көктем мен жазда болған жағдайға ешкім дайын болған жоқ, - деп атап өтті қоғамдық кеңес басшысы. - Бүгінгі таңда біздің медициналық қоғамдастық қалай жұмыс істеу керектігін біледі және ең бастысы, оның барлық әрекеттері техникалық және материалдық тұрғыдан нығайтылған. Халық бұл бағытта қандай ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын білуі тиіс. Қоғамдық кеңес мүшелері бұл туралы облыс тұрғындарын хабардар етуі керек деп ойлаймын».
Кездесу соңында қатысушылар қоғамдық кеңестің жаңа хатшысын сайлады. Кеңес мүшелері Павлодар облысының әлеуметтік қорғау органдарында ұзақ уақыт еңбек еткен Хелуа Қашкенованың кандидатурасына бірауыздан дауыс берді.


Соңғы жаңалықтар