COVID-19: Екінші толқынның әлемдегі екпіні

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлем елдерінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны тағы өсті. Әсіресе алпауыт АҚШ пен Еуропа елдерінде карантиндік шаралар барынша күшейтілгенмен, инфекцияның таралуын тоқтату мүмкін болмай тұр. Қауіпті індеттің екінші толқыны екпінін әзір төмендетпейтін сыңайлы. Оны төмендегі шолудың деректерінен байқауға болады.

Қытайдың кейбір өңірлерінде коронавирус індеті күшейіп кетуі мүмкін. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау істері жөнінде мемлекеттік комитет басшысы хабарлады. Қытай билігі індеттің алдын алу шараларына күш салуға кірісті. Коронавирус тестінен өткізу ауқымын кеңейтпек. Онда дертті жұқтыру қаупі жоғары халықтың 8 тобы белгіленген. Бұл тізімге ауруханалар мен дәріханалар, ауыл шаруашылығы өнімдері сатылатын базарлар қызметкерлері және мұздатылған өнімдермен айналысатын адамдар қосылды. Ең алдымен соларды тексереді. Оған қоса шетелден әкелінетін мұздатылған өнімдердің үлгілері үнемі сараптамадан өтетін болды.

АҚШ-та коронавирусты жұқтырғандар саны өскен. Кейбір штаттарда шектеулер күшейтілді. Орегон мен Нью-Мексикада тұрмысқа қажетті тауарларды өндірмейтін және сатпайтын компаниялардың жұмысы тоқтатылмақ. Ал Солтүстік Дакотада індеттің күшеюіне байланысты бетперде тағып жүру тәртібі қайта енгізілді. Жаңа талапқа сай тұрғындар жабық қоғамдық орындармен бірге көшеде арақашықтықты сақтау мүмкін болмаса маска тағуы міндетті. Бүгінгі таңда АҚШ-та вирусты жұқтырғандар саны 11 миллионға жуықтапты. Дерттен 245 мыңнан аса науқас қайтыс болған.

Австрияда коронавирусты жұқтырғандар санының көбеюіне байланысты қайтадан қатаң карантин енгізіледі. Бұл туралы осы елдің канцлері Себастьян Курц мәлімдеді. Шара келесі аптаның сейсенбісінен бастап желтоқсанның алтысына дейін жалғасады. Жаңа тәртіпке сай елдегі барлық мектептер қашықтан оқуға көшіп, балабақшалар жабылады. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан басқа сауда орындары жұмыстарын тоқтатады. Дәмханалар мен барлар тағамды тек жеткізіп беру бойынша қызмет көрсетеді. Ал тұрғындар үйлерінен тек жұмысқа бару, туыстарына көмектесу және таза ауада серуендеу үшін ғана шыға алады.

Германияда бір тәулікте 23 542 адам коронавирус жұқтырған. Бұл елде локдаун режимі енгізілген болатын. Осыған байланысты мейрамханалар, фитнес орталықтары, мұражайлар мен кинотеатрлар жабық. Соған қарамастан, вирус жұқтыру деректері артып жатқан көрінеді. Оның ішінде қарттар үйі мен мектептерде де бар. Ал зертханалар адамдарды тесттен өткізіп үлгермей жатыр. Осыған байланысты Бремен қаласындағы мекемелер коронавируспен ауырған науқастармен тікелей байланыста болған азаматтарды тексеруді тоқтатқан. Тест тек денсаулығы нашарлаған тұрғындарға ғана тағайындалуда. Мұндай шара зертханаларға түскен жүктемені азайту үшін жасалып отыр екен. Германия билігі елдегі науқастардың артуына қарамастан, әлі де Бельгия мен Франциядан келген науқастарды қабылдап жатыр.

Францияда қауіпті індетке шалдыққандардың саны азаймай тұр. Науқастардың көптігінен ауруханаларда орын жоқ. Осыған байланысты вирус жұқтырған азаматтар Страсбургтегі емханаларға көшіріліп жатыр. Індеттің алғашқы толқыны кезінде ең көп зардап шеккен осы қала еді. Науқастардың көптігінен олар керісінше Страсбургтен өзге өңірлерге жіберілген болатын. Тіпті Швейцарияға, Люксембургке және Германияға тасымалданған еді. Қазіргі жағдай мүлдем басқаша болып тұр. Айта кетейік, бүгінге дейін Францияда 890 мыңнан астам инфекцияға шалдығу дерегі расталған.

Испания билігі енгізген шектеу шараларына қарамастан, коронавирусқа қатысты ахуал нашар. Бұл жөнінде елдің Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, елде 100 мың адамға шаққанда 500 вирус жұқтыру оқиғасы тіркеледі. Бүгінде Испания коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Батыс Еуропада екінші орында тұр.

Словенияда коронавирусқа байланысты шектеу шаралары күшейтілді. Елдің денсаулық сақтау министрі Томаш Гантар осылай мәлімдеді. Жаңа тәртіпке сәйкес елде қоғамдық көлік қызметі тоқтайтын болады. Өмірлік маңызы жоқ кәсіпорындар да жабылмақ. Бұдан бөлек адамдардың топ болып жиналуына тыйым салынады. Жаңа ережелер кем дегенде екі аптаға созылады. Айта кеткен жөн, эпидемия басталғалы бері Словенияда 50 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырып, 700-ге жуығы көз жұмған.

Бельгияда коронавирустың таралуы бәсеңдегеніне қарамастан, төтенше жағдайдың төртінші деңгейі сақталады. Корольдік билігі кеңестік комитеттің кезекті отырысында осындай шешім қабылдады. Премьер-министр Александр де Крооның мәлімдеуінше, қазір ел ауруханаларындағы жағдай әртүрлі. Індет жұқтырғандар саны төмендеп келе жатыр. Бірақ өткен аптадан бері жансақтау бөліміндегі науқастар саны азаймаған. Ресми дерекке қарағанда Бельгияда соңғы екі аптада күн сайын вирусты мыңнан аса адам жұқтырып, 200-дей науқас қайтыс болған.

Иран елінде де коронавирустың күшеюіне байланысты жаңа шектеулер енгізілмек. Бұл жөнінде осы елдің президенті Хасан Рухани мәлімдеді. Жоспарға сай тыйымдар әр округ пен қаладағы дертті жұқтыру көрсеткішіне сай қолданылмақ. Мысалы, қызыл аймақта қала тұрғындарының тіршілігіне аса қажетті саладан басқа барлық қызмет түрі тоқтатылады. Ал сарғылт аймақта дәмханалар мен университеттер жұмысын жалғастырады. Сары аймақта тек ойын-сауық, спорттық және діни іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Шектеулерді жеңілдету немесе қатаңдату 14 күннен кейін әр аймақтағы жағдайға сай қарастырылады. Ал Тегеранда қайта карантин енгізілуі мүмкін. Ресми дерекке сүйенсек, Иранда індет таралғалы вирусты жұқтырғандар саны 750 мыңға жуықтап, 40 мыңнан аса науқас көз жұмған.

Оңтүстік Кореяда бір күнде 200-ге жуық ковид жұқтыру дерегі анықталған. Бұл қыркүйектің басынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Вирус жұқтырғандардың көбі сеулдіктер болып отыр. Осыдан екі күн бұрын Оңтүстік Кореяда маска режимін бұзғандарға айыппұл салына бастады. Дегенмен, 14 жасқа дейінгі балалар мен денсаулығы нашар тұрғындар қорғаныс құралын киюден босатылған. Сондай-ақ 2 метр арақашықтықты сақтаған жағдайда да маскасыз жүруге рұқсат етілген.

Американдық Pfizer компаниясы мен оның неміс серіктесі Biontech-тің коронавирусқа қарсы әзірлеген вакцинасы «Covuity» деп аталуы мүмкін. Бұл туралы британдық The Daily Telegraph газеті хабарлады. Ол компаниялардың Еуропалық одақ пен АҚШ-та тауарлық белгіні тіркеуге өтініштерін зерттеді. Осылайша бұл препарат «адамдарға қолдануға арналған вакцина» ретінде сипатталатын Covuity атауына өтінім 30 мамырда ЕО-ның құзыретті органдарына берілді. Олар бұл өтінішті қараша айының басында мақұлдады. Сонымен қатар тауар таңбасын тіркеуге өтініш Америка Құрама Штаттарында 1 маусымда берілді, бірақ ол рұқсатнама әлі алынған жоқ. Pfizer және Biontech «covuity.com» домендік атауын тіркегені аталды.


Соңғы жаңалықтар