+7 (701) 759 90 19
USD 419.69 EUR 510.89
RUB 5.63 CNY 64.82
Jańalyqtar

COVID-19 дәрігер көзімен - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

2020 жылғы 29 қараша 13:52
Бөлісіңіз:
COVID-19 дәрігер көзімен - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

COVID-19 дәрігер көзімен - «Қазақ елі» журналы

Түркияда шығатын «Қазақ елі» журналында дәрігер-анестезиолог Абдулжелил Гезмиштің әлем жұртшылығын алаңдатқан коронавирус індеті және одан сақтану, емдеу жолдары туралы ғылыми-танымдық мақаласы жарық көрген.

«COVID-19 - жануарларға да, адамдарға да әсер ететін (зооникалық) коронавирустың (RNA) бір түрі. Бұл вирустың мутацияға ұшырау ерекшелігі бар. Коронавирустың жиі кездесетін белгілері: дене қызуы - 83-99 %, тәбеттің жоғалуы - 40-84 %, шаршау - 44-70 %, иіс сезу қабілетінің нашарлауы - 15-30%, тыныс алудың қиындауы - 31-40%, жөтелу - 59- 82%, қақырық араласқан жөтел - 28-33%, бұлшық еттің ауыруы - 11- 35 %. Коронавирустың ауыр түрінің белгілері: ояна алмау (қозғала алмау немесе тұра алмау), шатасу, бет пен еріннің көгеруі, қан аралас қақырықтың бөлінуі, көкірек тұсының ауыруы, лейкоциттердің деңгейінің төмендеуі, бүйрек жұмысының бұзылуы, дене ыстығының көтерілу белгілері болады. Жалпы, бұл жоғары температура мен жөтел, ауыр түрімен ауырған жағдайларда тыныс алу қиындығын тудыратын ауру», - деп жазады Абдулжелил Гезмиш.

Мақала авторының жазуынша, Covid-19 дәрежесі мен деңгейі әртүрлі. Аурудың белгілері аз немесе мүлдем болмауы мүмкін. Ауыр жағдайларда ауруханада немесе қарқынды терапия жағдайында қажетті ем жүргізілуі тиіс. Әртүрлі жастағы балалар COVID-19 инфекциясын жұқтыруы мүмкін. Дегенмен ересектермен салыстырғанда симптомдары жеңіл өтеді.

«Елу жасқа дейінгі науқастардың өлім деңгейі - 0,5%, жетпіс және жетпіс жастан жоғары жастағы науқастардың өлім деңгейі 8%-ден артық. Бұл вирус жүкті әйелдер үшін қауіпті, десе де инфекция жұқтырған аналар балаларын емізе берсе болады. Өйткені вирустың ана сүтімен жұғатындығы анықталмаған.

Расталған жағдайлардың ішінде жоғары қан қысымы, қант диабеті, жүрек ауруы және тыныс алу жүйесінің бұзылуымен ауыратын науқастарда өлім деңгейі бес есе жоғары. Қытайда жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша инфекцияға байланысты әйелдердің өлімі - 1,7%, ерлердің өлімі - 2,8%.

Қайтыс болған науқастарға жүргізілген аутопсияда өкпе мен жүрекке зақым келгендігі анықталған. Вирус жұқтырған адамдар жөтелген, түшкірген және сөйлескен кезде ауыздан шыққан тамшыда вирус болады. Көзге көрінбейтін бұл тамшылар жиі қолданылатын ортада вирустың қалдықтары қалып қоюы мүмкін. Вирустың өміршеңдігі әртүрлі, кей жерлерде 80 сағатқа дейін тұра береді.

Емдеуге байланысты зерттеулер жалғасып жатыр. Вакцина табылғанға дейін вирусқа қарсы және басқа да дәрілермен (Ремдесивир, хлорохин, фавипиравир, тейкопланин, азитромицин), эксперименттік емдеу цитокин дауылының цитокин дауылын бейтараптандыру, пассивті иммундау, тыныс алуды қолдау арқылы емдеу жолдары қолданылады.

Ауру белгілері байқалмайтын және жалпы жағдайы жақсы науқастарды карантин шарттарына сәйкес үйде қадағалаймыз (екі аптадан кейін тексеруден өткізіледі). Жалпы жағдайы орташа және нашар әсіресе тыныс алу жүйесі бұзылған науқастарды аурухана бөлмесінде және қарқынды терапия жағдайында қажетті ем жүргізудеміз. Қазір індеттің басындағы түсініксіз жағдай мен қорқыныш жоқ, ақырындап үйреніп келеміз.

Біздің басты мақсатымыз - денсаулық сақтау жүйесіне сәйкес тиімді жұмыс істеу және екінші толқын болған жағдайда ең нашар сценарийге дайын болу. Реті келгенде COVID-19 пандемиясына байланысты өмірмен қош айтысқан барлық денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін құрметпен еске аламын», - деп жазады автор мақаласында.

Фотосуреттері - өрнекті, еңбегі - көрнекті азамат - CNR

Қытайлық kazakcnr.com сайтында Қытайда тұратын қандасымыз, белгілі фотограф, Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігінің фототілшісі Дәуіт Рәшатұлының шығармашылығы туралы ақпарат жарық көрген.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Дәуіт Рәшатұлы «Көрікті Баркөл жайлауым, көркіңе сұлу тоймадым» деп ән болып шырқалған, асыл мекен Шыңжан өлкесінің Баркөл ауданында туған.

Бала күнінен өнерге ынталы азамат болып есейген Дәуіт 2015 жылы Баркөл ауданы әкімшілігінің үгіт-насихат бөлімінде жұмыс істеген. Осында жүріп фотоаппаратпен жергілікті өңірдің көркті табиғатын туристерге насихаттауға атсалысқан.

«Талантты азаматтың өмірдегі жұмысы өнерге ұласып, туған жердің көркем көрінісі, табиғаттың әсем кескіні оның фотоаппаратының көзінен жарық етіп түрленіп, тамаша туындыға айналатын болған. Осылайша өнердің сара жолына түскен Дәуіттің көптеген фотосуреттері жергілікті БАҚ-тар мен қатар «Синьхуа» ақпарат агенттігі, Қытай ақпарт агенттыгі, Халық газеті, Шыңжан газеті секілді қытай тіліндегі ірі медияларда жарық көреді.Мыңнан астам көркем фототуындылардың авторы Дәуіт Рәшатұлының 50- ден астам фотосуреттері түрлі көрмелерге қойылып, марапатталған. Сондай-ақ қазіргі күні Дәуіт «Синьхуа» ақпарат агенттігінің жергілікті жердегі арнайы ұсыныс етілген меншікті фототілшісі болып жұмыс атқарып жүр. Осындай талапты азаматтың алдағы өнер сапарына ақ жол тілеп, бір бөлім фототуындыларын оқырманға ұсынып отырмыз», - деп жазады CNR.

Иран мен Қазақстан коронавирус вакцинасы жөнінде пікір алмасты - Фарс

Иран мен Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлерінің орынбасарлары коронавирус вакцинасына жылдам қол жеткізу үшін екі елдің іске асырған соңғы жұмыстарын талқыға салды, деп жазады Фарс ақпарат агенттігі.

«Иран Денсаулық сақтау министрінің арнайы көмекшісі Мохсен Асади Лари, Иранның Қазақстандағы елшісі Маджид Сабер және Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов видео форматта өткен сұхбатта коронавирус вакцинасына қол жеткізу саласындағы соңғы жұмыстар туралы пікір алмасты. Бұл сұхбатта екі тарап Иран мен Қазақстандағы коронавирус пандемиясының соңғы жағдайын талқылады және вакцинаны елде өндіру немесе оны басқа елдерден импорттау саласындағы талпыныстарды сөз етті» деп жазады Рarstoday.

Түркиядан 857 маман әлемдегі табысты ғалымдар тізіміне енді - TRT

Түркиядан 857 ғалым әлемдегі ең табысты ғалымдар тізіміне енді, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Қаратеңіз техникалық университетінен жасалған мәлімдемеде Старфорд университетінің ғалымы, профессор, доктор Джон П. А. Иоаннидис пен зерттеу тобы тарапынан дайындалған түрлі саладағы, әлемдегі 7 миллион ғалым арасынан алғашқы 2 пайызға кірген 160 мың кісіден құралған тізім «Plos Biology» журналында жарияланды. Тізім дайындалған кезде ғалымдар һ-индексі, таралым және сілтеме саны сияқты маңызды өлшемдерді ескере отырып шешім қабылдаған. Тізімге Түркиядан 2019 жылғы санақ бойынша 857 ғалым кірді» деп жазады TRT.

«Фариданың екі мың әні» атты өзбек фильмі «Оскар» сыйлығына ұсынылды - ӨзА

АҚШ киноакадемиясының үздік кинематография марапаты - «Оскар» сыйлығының 93-ші мәрте өтетін байқауында «Ең үздік шетелдік көркем фильм» номинациясына Өзбекстан атынан Ёлқин Тойчиевтің «Фариданың екі мың әні» атты көркем фильмі қатысады, деп жазады Өзбекстанның ӨзА мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, «Өзбеккино» ұлттық агенттігінің тапсырысы бойынша «Fox Music Cinema» студиясы таспалаған туынды өткен аптада Ресейдегі «Мәскеу премьерасы» халықаралық кинофестивалінде Гран-при иегері болған.

«Фариданың екі мың әні» атты картинада өткен ғасырдың басында Түркістанда болған саяси оқиғалар баяндалып, ол қарапайым бір отбасының тұрмысы арқылы көрсетілген. Айта кетсек, өткен жылғы «Оскар» марапатына Өзбекстан атынан жас режиссер Умид Ҳамдамовтың «Иссиқ нон» (Ыстық нан) атты толық метражды фильмі қатысқан» деп жазады ӨзА.

Қазақстан-Моңғол үкіметаралық комиссиясының 8-отырысы өтті - KAZNEWS

Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Моңғол үкіметаралық комиссиясының 8-отырысы онлайн өтті, деп хабарлайды моңғолиялық KAZNEWS ақпарат порталы.

«Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Моңғолияның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аюушийн Ариунзаяаның қатысуымен өткен отырыста екіжақты сауда-экономикалық қатынастың болашағы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, инвестиция, кәсіпкерлік, көлік, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, стандарттау және метрология, мәдениет, спорт, туризм, білім салаларындағы ынтымақтастық бағыттары және Қазақстан мен Моңғолия арасындағы шарттық-құқықтық базаны одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды дамыту және экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында тараптар көрмелер, дөңгелек үстелдер мен жәрмеңкелер өткізіп тұру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.

Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы қазақстандық-моңғол ынтымақтастықты тереңдету, атап айтқанда екі елдің ғылыми-зерттеу ұйымдарының өзара әрекеттестігінің маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар, туризм және мәдениет мәселелерін көтере отырып, осы салалардағы екіжақты перспективалы ынтымақтастық бойынша ой бөлісті. Бұл ретте, COVID-19 пандемиясына байланысты эпидемиологиялық ахуал тұрақталғаннан кейін «Нұр-Сұлтан – Ұланбатыр» және «Алматы – Ұланбатыр» тікелей әуе рейстерін, сондай-ақ «Баян-Өлгей – Алматы – Баян-Өлгей» халықаралық автобус қатынасын қалпына келтіруді, өзара мәдени-гуманитарлық іс-шаралар өткізуді талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі екіжақты үкіметаралық комиссияның хаттамасына қол қойылды. Үкіметаралық комиссияның келесі отырысы 2022 жылы Ұланбатырда өткізіледі», - деп жазады KAZNEWS порталы.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Бақытжол Кәкеш

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT