COVID-19: Аймақтардағы ахуалға шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның өңірлеріндегі коронавирус инфекциясымен күреске қатысты қандай іс-шаралар жасалуда? Алдағы мерекеде қандай шектеулер қолға алынған? Бұл жайында толығырақ мақаладан оқи аласыздар.

Түркістан облысында коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында 5 шілде мен 22 желтоқсан аралығында карантин режимі кезінде нысандарға мониторинг жұмыстарын жүргізу үшін 100-ден астам мобильді топ құрылған. Оның құрамында - әкімдік қызметкерлері, кәсіпкерлік палатасы, полиция басқармасы және еріктілер бар. Жүргізілген мониторинг жұмысының нәтижесінде 263 229 390 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл жөнінде облыстың бас мемлекеттік санитария дәрігерінің орынбасары Айдарқұл Ахметов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлімдеді.

Атап айтқанда, мониторинг жұмысының нәтижесінде 42 594 нысан тексеріліп, 5 137 айыппұл салынған. Оның ішінде 30 АЕК көлемінде 4 960 жеке тұлғаға (206 683 200 теңге), 103 жеке кәсіпкерге (32 905 410 теңге), 12 заңды тұлғаға (3 833 640 теңге), 62 лауазымды тұлғаға (19 807 140 теңге) хаттамалар толтырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, егер 7 күн ішінде айыппұлды өтейтін болса, 50 пайызы ғана төленеді.

«Түркістан облысында бүгінгі күнге дейін жалпы 577 отбасылық мерекелік іс-шаралар тоқтатылып, әкімшілік айыппұлдар салынған. Сондай-ақ, сайлауалды көпшілік іс-шараларын жүргізуде үгіт-насихат өткізу кезінде қауіпсіздік шарасы сақталғаны ләзім. Өзіңіз бен жақындарыңыздың денсаулығына көңіл бөлгеніңіз абзал. Сондықтан, сақтық шараларын ескерусіз қалдыруға болмайды», - деді Айдарқұл Райымқұлұлы.

Баспасөз мәслихатында спикер сайлауалды үгіт-насихат іс-шараларын теледидар, радио, интернет ресурстарды пайдалана отырып, онлайн режимде өткізу қажеттігін айтты. Сайлау компаниясы үшін арнайы дайындалған тегін баспа материалын, оның ішінде иллюстрациялық материалды, белгішелерді, жалаушаларды таратуда бір рет қолданылатын қолғапты және қорғаныш маскасын пайдалану қажет. Облыста карантин басталғалы талапты бұзған 912 дерек тіркелді. Оның 543-і той жасау фактісі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингіде облыстық ПД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибраев мәлімдеді.

Қызылорда облысында арнайы құрылған 24 мобильді топ жұмыс жасауда. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының шешіміне сәйкес, 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңа жылдық ертеңгілік пен корпоративті өткізуге тыйым салынды.

Айта кетейік, облыста соңғы 10 күнде 40-тан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Мемлекеттік органдарға Жаңа жыл мерекесін ұжым болып тойлаудан бас тарту ұсынылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингіде Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев мәлімдеді.

Бұл карантин талабын сақтау үшін қабылданған шешім. Б.Байхожаев карантин талаптарын сақтамаған мемлекеттік қызметшілерге шара қолданылатынын ескертті.

Павлодар облысында үш балабақша карантинге жабылды. Әрбір мектепке дейінгі мекемеде қауіпті вирустың екі дерегі тіркелген. Облыс орталығында 1, Ақсу және Екібастұз қалаларында мектепке дейінгі 2 мекеменің жұмысына уақытша шектеу қойылды. Бүгінде облыс бойынша 77 бала мен 54 балабақша қызметкері коронавирусқа шалдыққан. Бүлдіршіндердің жағдайын баяндаған мамандардың айтуынша, олар аурудың жеңіл түрімен ауырып жатыр. Өткен тәулікте облыс көлемінде қауіпті вирустың 60 дерегі тіркелді. 36 науқас аурудың сипмтомды, ал 24-і симптомсыз түріне шалдыққан.

«Қазіргі таңда балаларда ауру бессимптомды немесе жеңіл түрде өтіп жатыр. Барлық жағдайда дезинфекциялық және эпидемияға қарсы жұмыстар жүргізілген», - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Ғизат Әбішев.

Кеше Атырау облысы бойынша коронавирус инфекциясының белгісі бар пневмонияның 156 жағдайы және 2 өлім жағдайы тіркелді. Оған қоса 83 адам емделіп шықты. 1 тамыздан бері барлығы: ауырғандар - 44951, 483 өлім жағдайы тіркелді, ал жазылып шыққандардың саны 32523 жетті. 23 желтоқсан күнгі мәлімет бойынша, Атырау облысында 83 адам коронавирустан емделіп шықты, деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта 220 адам үйінде емделіп жүр. Облыстық инфекциялық стационарда 102 науқас, ал аудандағы инфекциялық стационарда 18, Теңіз кенішінің инфекциялық стационарында 400 адам ем қабылдауда.

Соңғы мәліметке сәйкес, Атырау облысында өткен тәулікте 59 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталып ауырғаны белгілі болды. Қауіпті дертке шалдыққан науқастың 12-сі Атырау қаласынан тіркелген. Теңіз кенішінен 31 жұмысшыдан, Жылыой-4, Қызылқоға -3, Индер -4, Құрманғазы ауданында 5 адамнан COVID-19 анықталған.

Науқастардың 19-ында ауру симптомды түрде өтуде. Айта кетейік, облыс бойынша жасақталған 1 225 орындық инфекциялық стационардың 520-ында науқастар ем алуда.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша соңғы тәулікте КВИ-дің 66 жағдайы тіркелді, оның ішінде 52 (79%) симптомдық және 14 (21%) симптомсыз вирус тасымалдаушылар. Сондай-ақ, бір тәулік ішінде COVID-19 сәйкестендірілмеген (пневмонияның) 4 жағдай тіркелді.

КВИ-дің жаңа 66 жағдайының ішінде:
- 25 Өскемен қ. 22 с, 3 с/з;
- 24 Семей қ. 21 с, 3 с/з;
- 6 Көкпекті ауданында (Көкпекті ауылы - 6) 2с, 4 с/з;
- 2 Глубокое ауданында (Глубокое ауылы - 0) 1с, 1 с/з;
- 2 Жарма ауданында (Қалбатау ауылы-1) 1с,1 с/з;
- 2 Алтай ауданында (Алтай қ. - 0) 1С,1 с/з;
- 2 Ұлан ауданында (Қасым Қайсенов кенті – 2) 2с;
- 1 Аягөз ауданында (Аягөз қаласы - 0) 1 с/з;
- 1 Бесқарағай ауданында (Бесқарағай ауылы - 1) 1с;
– 1 Курчатов қ. – 1с;

Облыс бойынша өсім қарқыны тәулігіне 0,4%-ды, аптасына орташа өсім Өскемен қаласында – 0,5%, Семей қаласында 0,6%-ды құрады.

Сауығуына байланысты COVID-19 және ковидті пневмониямен сырқаттанған 9893 адам инфекциялық стационардан шығарылды, 5629 симптомсыз вирус тасымалдаушылардың үй карантині аяқталды.
Батысқазақстандық мемлекеттік қызметшілер жаңажылдық корпоративтің орнына қайырымдылық жасады. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» атты қайырымдылық іс-шарасы аясында 14 млн теңгеден астам қаржы жиналды. Бұл қаражатқа азық-түлік себеті сатып алынып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға таратылатын болады. Бүгін «Ел ырысы» базары аумағында бастапқы 200 себет таратылды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаевтың айтуынша, елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жаңажылдық кештерді өткізу тоқтатылған болатын. Облыс әкімдігінің қолдауымен қайырымдылық іс-шарасына департаменттер мен басқармалар қызметкерлері белсенді атсалысты. Жыл соңына дейін жалғасатын іс-шара аясында шамамен мыңға жуық отбасыны қамту көзделуде.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков мұндай іс-шаралардан тәртіп сақшылары да қалыс қалмай, жүйелі үн қосып келе жатқанын, бұл жолы 8 отбасыға көмек көрсетілгенін жеткізді. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Құланбаевтың сөзіне қарағанда, бұл, бір жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау. Екінші жағынан, азық-түлік себетіне салынатын өнімдер жергілікті кәсіпорындардан сатып алынады. Яғни, отандық өнім өндірушілерге де қолдау жасалып отыр.

Маңғыстауда 22 желтоқсандағы жағдайға сәйкес I-II деңгейлі инфекциялық стационарда 111 адам ем қабылдап жатыр. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады. Облыстың денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 111 науқастың ішінде 46 адам коронавирусқа тапсырған сынама оң нәтиже көрсеткен. Қазіргі уақытта орта дәрежелі жағдайда 101, жағдайы ауыр халде 7 науқас, өте ауыр хәлде 4 науқас бар. Бұл бөлімге түскендердің нашарлауына жедел тыныс жетіспеушілігі және ілеспе аурулардың болуы себеп. Бүгінде аймақтың оқшаулау орындарындағы төсек-орын жүктемесі 25 пайызды құрайды. Облыс көлемінде 444 инфекциялық І-ІІ сатылы төсек орын бар. Реанимациялық төсек саны 54. Анықтамасыз шетелден келген Қазақстан азаматтары мен шетел азаматтарына арналған карантин стационарларында 270 төсек орын бар.

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа қаулыға қол қойды. Оған сәйкес қала мектептерінде 1-5-сынып аралығындағы қосымша кезекші сыныптар әзірге ашылмайды. Сондай-ақ 25 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында барлық мекеме мен ұйымдарда жаңа жылдық ойын-сауық шараларды атап өтуге және аниматорларды үйге шақыруға қатаң тыйым салынды. Ал үлкен сауда орталықтарының жұмыс уақыты кешкі 23:00-ге дейін ұзартылды. Бильярд, боулинг және балалардың ойын-сауық орталықтары жұмыс күндері ғана емес, мереке күндері де жұмыс істемейді. «Өйткені соңғы күндері коронавируспен ауырғандар саны осыдан екі ай бұрынғымен салыстырғанда 4,5 есеге артып отыр», - деді онлайн брифингте қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.

«Тамыз айынан бастап есепке алынған этиологиясы анықталмаған пневмонияның 1 349 жағдайы тіркелді. Қыркүек айында коронавирус инфекциясы 165 жағдайдан төмендеген, ал желтоқсан айында осы індет байқалып жатыр. 1 660 жағдай тіркеліп, індеттің өсуі қарқындауда», - деді Жандарбек Бекшин.

Алматының бас санитарлық дәрігері Аяз ата мен Ақшақарды үйге шақыруға тыйым салатын қаулыға қол қойды. Құжатта балабақшалар мен мектептерде қосымша кезекші топтар ашуға да рұқсат жоқ. Осыған қарамастан сауда ойын-сауық орталықтары мен қоғамдық тамақтану орталықтары белгілі бір шектеу шеңберінде 23:00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Қаулы желтоқсанның 26-нан бастап күшіне енеді.

Еске салсақ, Алматы қаласы індет таралуының жасыл деңгейінен сарыға өткен. Соңғы тәулікте шаһарда 90 адамнан коронавирустық инфекция белгілері анықталды.

Ақтөбедегі сауда орындарының жұмыс кестесіне қатысты шектеулер жеңілдетілді. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, дүкендер мен ірі гипермаркеттердің қызмет көрсетуіне рұқсат етілді. Кәсіпкерлік нысандар пандемияға дейінгі жұмыс кестесіне көшеді. Ашық аспан астындағы демалыс орындары, мұз айдындары мен сырғанақ алаңдары да ашық. Жұрт санитарлық талаптарды сақтауы тиіс. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін кәсіпорындар үшін де жаңа талаптар бекітілген. Енді әрбір қызметкер үйіне қайтар алдында ПТР әдісімен зертханалық тексеруден өтуі міндетті. Анықтама теріс нәтиже көрсеткенде ғана кезекті демалысына жіберіледі. Тиісті зертханалық бақылау ұйымдастыру кәсіпорындардың басшылығына жүктелді. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлбану Дәулетованың айтуынша, жаңа жылдық мейрамдар келе жатыр. Соған байланысты көпшілік бір мезгілде жиналмау үшін. Соған сәйкес олар өздерінің ішкі тәртіптеріне сәйкес жұмыс жасай алады. Міндетті түрде әлеуметтік қашықтықты сақтау керек, бетперде болуы керек және де басқа да талаптарды сақтай отырып, жұмыс жасауына рұқсат етілді.

Елде ПТР тест анықтамасына сұраныс артқалы жалған құжат жасаушылар көбейген. Мәселен, Атыраудағы Теңіз мұнай кен орнына жалған ПТР анықтамамен кірмек болған дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу «жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» бабы бойынша жүргізіліп жатыр. Әзірге екі жұмысшыдан күмәнді құжат табылған. Жергілікті тұрғындардың сынама нәтижесін қайдан және қалай алғаны белгісіз. Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарованың айтуынша, Солтүстік Теңіз блок бекетінде полиция медициналық анықтамасы күдік тудырған 2 жұмысшыны анықтапты. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу ҚК 385-бабымен жүргізілуде. Өзге ақпарат қылмыстық кодекстің 201-бабына сай жариялауға жатпайды. «Сақ бол» қосымшасы арқылы жасалған интеграциялық портал анықтамадағы штрих-кодты тексереді. Жалған құжат қолданғандар 400 мың теңгедей айыппұл төлейді немесе 40 күнге қамалуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар