COVID-19: Әлем елдерін әлек қылған індет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуропаның біраз елі мен АҚШ-тың жағдайы мәз емес. Короновирус инфекциясын жұқтырып, ауырып жатқан адам саны азаймай тұр. Шектеу шараларын күшейтіп, алдағы мерекелерде көп адамның жиналмауын ескертіп әлек. Кейбір елдер мерекеде сәл жеңілдік беру жағын да ойластырған. Дегенмен, қауіпті індеттің беті қайтпай, босаңсуға болмайды. Сондай-ақ, әлем елдері вакцина егуді бастап кеткен еді. Оның қандай әсері болып жатқаны жөнінде және шет елдердегі эпидемиологиялық ахуал жайын шолу жасап өтейік.

АҚШ-тың Калифорния штатында індеттің таралуы күшейіп, аймақтағы мектептер жабылатын болды. Себебі, соңғы күндері штатта вирусты жұқтырғандар саны күрт өскен. Осыған байланысты жүздеген мың оқушы қайтадан қашықтан оқуға көшіріледі. Ал ресми дерекке қарағанда, Калифорнияда соңғы бір тәулікте 29 мыңнан астам адам ауруға шалдыққан. Лос-Анджелес қаласында дертті жұқтыру дерегі Нью-Йорк шаһарына қарағанда үш есе артық. Сондықтан билік науқастар саны азаймайынша оқу орындарын жабу туралы шешім қабылдады.

Испанияда короновирус жұқтырғандар санының азайғанына қарамастан жағдай күрделі. Елдің Денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай қызметінің басшысы Фернандо Симон осылай деп мәлімдеді. Себебі, кез келген қателік індеттің қайта өршуіне әкелуі мүмкін, деп отыр. Ал Пиреней түбегіне COVID-19-ға қарсы вакцинаның алғашқы партиясы қаңтар айында жеткізілмек. Жалпы Мадрид халықты жаппай егу үшін 140 миллион доза вакцина алуды жоспарлаған. Іс-шара үш кезеңмен жүзеге асырылады. Испанияда вирусты жұқтырғандар саны 1 миллион 700 мыңнан асқан.

Францияда індеттің екінші толқыны бәсеңдеді. Соған байланысты карантиннен шығу туралы шешім қабылданды. Өйткені елде вирусты жұқтыру көрсеткіші күніне 70 мыңнан 11 мыңға дейін азайған. Шешім желтоқсанның 15-нен бастап күшіне енеді. Бірақ 6 аптаға созылған локдауннан кейін коменданттық сағат енгізіледі. Тәртіп кешкі сағат 20:00-ден таңғы 06:00-ге дейін қолданылады. Бір аймақтан екінші аймаққа сапар шегуге рұқсат етіледі. Ал желтоқсанның 24-і күні Рождество мерекесінде бір күнге барлық шектеулер алынады. Алайда 6 адамнан көп кісінің жиналуына тыйым салынады. Жаңа жылда коменданттық сағат сақталмақ. Францияда індет таралғалы 2 миллион 300 мыңнана астам адам вирус жұқтырып алған.

Германия астанасында Рождестводан кейін қатаң локдаун режимі орнайды. Осыған байланысты Берлин тұрғындары биылғы жаңа жыл мерекесін бес адамнан көп ортада қарсы ала алмайды. Сонымен қатар азаматтардың жаппай жиналыс өткізуіне де тыйым салынады. Шопинг жасауға да шектеу қойылмақ. Қала мэрі мәлімдегендей, 25 желтоқсаннан бастап 10 қаңтарға дейін шаһарда тек азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істейді. Сондықтан билік өкілдері сыйлықтың қамына ертерек кірісуге кеңес беріп отыр. Жалпы сарапшылардың болжамынша, мұндай шектеу шаралары тек Берлинде ғана емес, бүкіл ел аумағында енгізілуі мүмкін. Өйткені вирус ырыққа көнер емес. Күні кеше ғана елде 23 мыңнан астам жаңа дерек тіркелді. Бұл – жаңа антирекорд. Індеттен ең көп зардап шегіп отырған аймақ Баварияда да шектеу шаралары күшейді. Ондағы тұрғындар енді себепсіз сыртқа шыға алмайды. Вирус жұқтыру көрсеткіші жоғары тағы бірнеше қалада коменданттық сағат жарияланған.

Швеция коронавирусқа байланысты Үкіметтің өкілеттігін күшейтетін заң қабылдамақ. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, заң жобасы Парламент қарауына ұсынылған. Жаңа өкілеттік билікке коронавирусқа шалдыққандар саны өскен жағдайда кәсіпорын, дәмханалар мен дүкендердің жұмысын күштеп тоқтатуға немесе шектеуге мүмкіндік бермек. Жаңа заң 15 наурызда күшіне еніп, 1 жылға жалғасуы мүмкін. Бір қызығы, осы елдің мемлекеттік эпидемиологы Андерс Тегнел әлі күнге дейін маска тағуға қарсы. Оның айтуынша, бетпердеге қарағанда әлеуметтік қашықтықты сақтау анағұрлым тиімді. Сондай-ақ Андерс Тегнел вакцина салу бірнеше айдан кейін ғана басталатынын жеткізді. Еске сала кетейік, Швеция Батыс Еуропада қатаң карантин енгізбеген жалғыз ел ондағы барлық шектеу шаралары тек ұсыныс ретінде ғана. Жалпы пандемия басталғалы елде ковидпен 304 мың адам ауырып, 7296-сы көз жұмған.

АҚШ-та клиникалық зерттеулер барысында коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасын қабылдаған төрт адамда беттегі нерв жүйелеріне қатысты Белла параличі пайда болған. Бұл туралы Daily Mail хабарлады. АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмектердің сапасын бақылау басқармасы (FDA) мұндай жанама әсердің вакцинадан болғанына күмән келтіріп отыр. Дегенмен дәрігерлерге пациенттердің денсаулығын мұқият бақылауға кеңес берді. Айтуларынша, Белла сал ауруы кез келген адамда болуы мүмкін және оның себебі белгісіз, дегенмен вирустық респираторлық инфекциялар, оның ішінде коронавирус қауіпті фактор болып саналады.

Ұлыбританияда Pfizer мен BioNTech компаниясы өндірген вакцинадан екі медицина қызметкерінде анафилаксиялық аллергиялық реакция пайда болды. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, қазір екеуі де дін аман. Дәрігерлер оларға дер кезінде көмек көрсетіп үлгерген. Енді Ұлыбританияның дәрі-дәрмекті реттеу агенттігі медициналық препараттар мен азық-түлікке аллергиясы бар тұрғындарға әзірге вакцина қабылдаудан бас тартуға шақырады. Мамандар препараттың нақты қай құрамынан аллергия туындағанын әлі анықтаған жоқ. Медициналық тауар мен дәріні реттеу агенттігінің басшысы Джун Рейннің айтуынша, егер препараттан жанама әсер пайда болса, қауіптілігі жоғары топқа жататын тұрғындарға міндетті түрде ескерту керек. Бұрын аллергиясы байқалған немесе аллергиясы бар адамдар екпе қабылдамағаны жөн. Ал, АҚШ вакцинацияға қызу дайындалып жатыр. Аймақтағы ауруханаларда арнайы орталықтар ашылып, дәріні дұрыс сақтау үшін тиісті мұздатқыштар жеткізілді. Басты талап вакцина -70 градуста сақталуы керек. Жалпы бүгінде Pfizer вакцинасын қолданысқа енгізуді Ұлыбритания, Сауд Арабиясы, Бахрейн мен Канада ресми түрде мақұлдап үлгерді. Ал Аргентина билігі болса, Ресейдің «Спутник V» препаратымен келісімге отырған. Ресейлік ғалымдардың айтуынша, көрші елдің шығарған дәрісі әлемде ең жоғарғы оң нәтиже көрсетіп отыр.

Бразилия коронавирусқа қарсы вакцина салуды тездетуі мүмкін. Ел билігінің мәлімдеуінше, екпе шаралары жыл аяғына дейін қолға алынуы тиіс. Бұған елдегі эпидемиологиялық жағдайың ушығуы себеп болып отыр. Соңғы мәлімет бойынша вирусты 54 мыңдай адам жұқтырып, 836 тұрғын көз жұмған. Әзірге «Файзер» екпесі жергілікті құзырлы органның тексерісінен өтіп жатыр. Үкімет сертификаттауды тездету керек деп асықтырып жатыр. Бұған дейін вакцинаны ресми бекіту 2 айға созылуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын.

Өзбекстанда коронавирусқа қарсы қытайлық вакцина сынағының үшінші кезеңі басталды. Алғашқы доза Инновациялық даму министрлігінің қызметкерлеріне салынды. Клиникалық сынаққа бас-аяғы 5 мың адам қатыспақ. Zhifei компаниясы өндірген вакцинаны 2,5 мың адамға ексе, қалғандарына дәрілік әсері жоқ препарат салынады. Осылайша, вакцинаның тиімділігі сыналмақшы. Бүкіл процесс шамамен 1 жылға созылады. Егер бәрі сәтті өтсе, онда Өзбекстан бұл вакцинаны Қытайдан төмен бағамен сатып алмақ.

Соңғы жаңалықтар