COVID-19: Әлем елдері екпеге қамданып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлем елдері короновируспен күрестің түрлі тәсілін қолданып келеді. Шектеу шараларымен шектеліп қана қоймай, қауіпті дертті түбірімен жою үшін халықты осы індетке қарсы егу науқанына кіріскен. Вакциналар сатып алып, алдағы аптада алғашқы екпені салатын елдер де анықталды. Короновирус инфекциясына қатысты осы және әлемдегі өзге де ахуалды бір шолып көрелік.

Қытайда коронавирусты жұқтыру деректері қайта тіркелген. Соңғы кезде аурудың жаңа ошақтары Ішкі Моңғолия өңірінде анықталды. Осыған байланысты Маньчжоули қаласында тұрғындарды жаппай тест арқылы тексеру басталды. Тексеруден 200 мыңдай адам өтуі тиіс. Қысқы маусымда індеттің екінші толқынына жол бермес үшін денсаулық сақтау министрлігі жергілікті билікке нұсқау берді. Вирусты жұқтыру қаупі бар адамдарды үнемі тексеріп, оқу орындары мен базарларда санитарлық шаралар өткізуді тапсырды.

Қырғызстанда коронавируске шалдыққан науқастардың саны күн сайын көбейіп барады. Соңғы бір тәулікте 440 адамның қауіпті індетпен ауырғаны анықталған. 4 адам осы аурудың қайтыс болды. Қырғыз билігі коронавирустың екінші толқынына дайындалып жатыр. Соңғы рет елде карантиннің қатаң шектеу шаралары мен коменданттық сағат наурыз айында жарияланған болатын. Қазір қосымша медицина орталықтары қайта ашу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы пандемия басталғалы бұл елде 74 мыңнан астам адам инфекция жұқтырған. Оның 1200-ден астамы осы дерттен көз жұмған екен. Бүгінде ауруханаларда 2 мың 600 науқас ем қабылдап жатыр.

Германияда локдаун мерзімі қаңтардың онына дейін ұзартылатын болыпты. Канцлер Ангела Меркель мен федералдық өңірлердің басшылары осындай шешім қабылдаған. Театр, мұражай, фитнес залдары, дәмхана мен мейрамханалар ашылмайды деген сөз. Ел тұрғындарының көбі қашықтан жұмыс істейтін болады. Індет өршіп тұрған өңірлерде билік жаңа шаралар енгізуді көздеп отыр. Мәселен Хемнитц, Дрезден, Лейпциг, Пассау және Нюрнберг қаласының тұрғындарына бейсауат үйлерінен шығуға тыйым салынды. Тек жұмыс пен дәріханаға барып, азық-түлік сатып алуға рұқсат бар.

Италияда Рождество мен Жаңа жыл мерекесінен кейін індеттің үшінші толқынын болдырмау үшін жаңа шекетулер енгізіледі. Бұл туралы осы елдің Премьер-министрі Джузеппе Конте мәлімдеді. Жаңа тәртіпке сай желтоқсанның 21-інен қаңтардың 6-сына дейін бір аймақтан екінші аймаққа сапар шегуге тыйым салынады. Таудағы шипажайлар жабылады. Осы уақытқа дейін қолданылып келген коменданттық сағат күшінде қалып, Жаңа жыл алдында оның уақыты ұзартылады. Ал ресми дерекке қарағанда Апеннин түбегінде соңғы бір күнде вирустан 993 науқас көз жұмып, індет басталғалы ең жоғарғы тәуліктік өлім-жітім тіркелген. Дертті жұқтырғандар саны 1 миллион 600 мыңнан асыпты.

Португалия үкіметі халықты коронавирусқа қарсы вакцинациялау туралы ұлттық жоспарын жариялады. Оған сәйкес жұқпалы дертке қарсы егу бірнеше кезеңмен жүзеге асырылмақ. Алдымен келер жылдың қаңтар айынан сәуірге дейін 1 миллион тұрғынға екпе салмақ. Бірінші болып жасы 50-ден асқан созылмалы ауруы бар азаматтар, дәрігерлер, полицейлер және қарттар үйінде тұрып жатқандар егіледі. Екінші кезеңде жасы 65-тен асқан 2 миллионға жуық тұрғын қамтылады. Ал соңғы үшінші кезеңде халықтың қалған бөлігін егу жоспарланып отыр. Португалияда вирусты жұқтырғандар 300 мыңнан асқан.

Францияда халықты жаппай вакцинациялау шарасы келесі жылы басталмақ. Жергілікті билік зерттеуден өткен екпені қолдану үшін алдымен Еуроодақ келісімін беру керек деп отыр. Болжам бойынша одақ «Пфайзер» мен «Модерна» препаратын желтоқсанның 29-ы мақұлдауы тиіс. Содан кейін ғана Францияның денсаулық сақтау министрлігі вакцинаны тұрғындарға егу мәселесін қолға алмақ. Айта кетейік, Франция 6 зертханамен келісімшартқа отырып, алдын ала 200 млн доза вакцинаға тапсырыс берді. Бұл дәрі 100 млн тұрғынға ғана жетеді. Ал келесі жылдың көктемінде Санофи мен Пастер Институтының француз зерттеушілері дайындаған препараты әзір болмақ. Ақпарат көздерінің хабарлауынша екпе алдымен қарттар үйінің тұрғындары мен қызметкерлеріне егіледі. Ал 18 жасқа толмаған балаларға коронавируске қарсы вакцинаны егу жоспарда жоқ.

Түркияда коронавирусқа қарсы егу науқаны 11 желтоқсанда басталады. Бұл жөнінде елдің денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа мәлімдеді. Оның айтуынша, вакцина салу 4 кезең бойынша жүргізіледі. Алғашқыда екпені медицина қызметкерлері, 65 жастан асқан азаматтар, мүгедектер, қарттар және жетімдерге салынады. Екінші кезекте халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін қызметкерлер мен 50 жастан үлкен кем дегенде бір созылмалы ауруы бар азаматтар, одан кейін 50 жасқа дейінгі азаматтар созылмалы аурумен ауыратындар және алғашқы екі топтағы тұрғындар қамтылған. Соңғы кезекте қалған тұрғындар бар. Түркия екпе үшін Қытайдан 50 миллион доза CoronaVac және 25 миллион BioNTech пен Pfizer екпесін сатып алмақ.

Австрия Рождество мерекесі алдында індеттің таралуын тоқтату үшін жаппай тестілеуді қолға алды. Шара алдымен Вена мен тағы бірнеше қалада жүргізіледі. Қалған аймақтарда тестілеу бірнеше күннен кейін басталады. Барлық орталықтарда қорытындысы бірнеше минутта шығатын экспресс-тест жасалады. 6 жастан бастап барлық адам тегін өте алады. Егер тексеріс нәтижесі оң болса науқас қайтадан ПТР тесттен өтіп, кеселді жұқтырғаны нақтыланса 14 күндік карантинге жабылады. Бұл елде короновирус инфекциясын жұқтырғандар 300 мыңға жуықтаған.

Өзбекстанға коронавирусқа қарсы ресейлік вакцина жеткізілді. «Cпутник V» препаратының үлгісі көрші мемлекетке сынақтан өту үшін әкелініп отыр. Өзбектер осы айда бұл вакцинаның сапасын тексереді. Ал клиникалық сынақтар келер жылдың басында басталуы мүмкін, дейді республикалық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері. Осы елдің Денсаулық сақтау министрлігі Ресейден «Спутник V» препаратының 5 мың дозасын сұраған еді. Ал оған дейін өзбекстандықтарға Қытай вакцинасын салмақ. Егу жұмыстары алдағы аптаның соңына жоспарлапты.


Соңғы жаңалықтар