COVID-19: Ақтөбе шекарасы арқылы өткендерге арнайы алгоритм дайындалады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Шекара арқылы өтіп, тұрғылықты жерінде ем қабылдауға шешім қабылдағандар арнайы бақылауда болуы тиіс. Ақтөбеде арнайы алгоритм дайындалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен тәулікте өңірде 5 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Ауырып, дәрігер көмегіне жүгінген екі адамның бірі Ақтөбе қаласының, екіншісі Қарғалы ауданының тұрғыны. Олар COVID-19 дертіне шалдыққандармен байланыста болған. Сонымен бірге 3 адам індеттің симптомсыз түріне шалдықты. Үшеуі де ер адам. Олар Жайсаң және Әлімбет шекара бекетінде ПТР тест тапсырып, зертханалық тексеру кезінде диагноз расталды.

«Жағдай тұрақты, алайда халықаралық жүк тасымалымен айналысатын көлік жүргізушілерінің жағдайы алаңдатады. «Жайсаң» шекара бекетінде Түркістан облысының екі тұрғыны мен РФ азаматынан ПТР тестін алынып, сынама оң нәтижесі анықталды. Олар тұрғылықты жері бойынша ем қабылдайтын болады. Алысқа қатынайтын көлік жүргізушілерінің өңір тұрғындарымен байланысуына жол бермеу үшін іс-қимыл алгоритмін әзірлеу жоспарын ұсынамын. Соған сәйкес тасымалдаушылар өңірдің аумағынан шығып кеткенше арнайы қызмет мамандары еріп жүргені дұрыс», - облыс әкімінің бірінші орынбасар Нұржауған Қалауов.​ Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жергілікті әкімдік, полиция және облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменттерінің өкілдеріне көлік өтетін жерлердегі бақылау жұмысын күшейтуді тапсырды.

Айта кетейік, өңірде барлығы 3330 жағдай тіркелді. Олардың 97 пайыздан астамы жазылды. Қазір 233 адам үй карантинінде жатыр. Дәрігер бақылауына алынды.

Соңғы жаңалықтар