CҚО-да жыл басынан жол-көлік оқиғаларында 17 адам мерт болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында екі аптаға жалғасқан «Мас жүргізуші» облыстық жедел-профилактикалық іс-шарасы 31 шілдеде мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде екі апта бойы өткен «Мас жүргізуші» операцияның мақсаты тек мас жүргізушілерді анықтау ғана емес, жалпы жол жүрісі ережелерін өрескел бұзудың жолын кесу мен оларды анықтау болды.

Жыл басынан СҚО жолдарында 97 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 17 адам қайтыс болған және 123 адам жарақат алды. Талдау нәтижесінде автоавариялардың негізгі себептері анықталды, олар: жаяу жүргіншілер өткелінен, көше қиылыстарынан өту қағидаларын бұзу, жылдамдықты асыру, басып озу, маневрлеу, арақашықтықты сақтау қағидаларын бұзу. Сондай-ақ жол-көлік оқиғалары жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауынан да болған.

СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, жыл басынан жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты өңірде 13 жедел-профилактикалық іс-шара жүргізілген. Оның соңғысы – «Мас жүргізуші», ол 15-31 шілде аралығында өтті. Іс-шара нәтижесінде 16 күнде СҚО жолдарында жолда жүру ережесін бұзудың 8128 дерегі анықталған. Оның 92 фактісі көлікті мас күйде басқару. Қауіпсіздік белдігін тақпау, рөлде телефонмен сөйлесу - кей жүргізушілердің түсінігінше болмашы нәрсе саналғанымен, бұл талаптарды елемеудің соңы қауіпті салдарға әкелуі мүмкін.

«Облыстың барлық аудандарындағы аса авариялық-қауіпті жол учаскелерінде патрульдік автомашиналардың макеттері орналастырылған. Олар түнде аса тиімді: макеттерді көрген кезде жолаушылар жылдамдықты азайтып, жол жүрудегі тәртіпті ұстанады. Аппарат қызметкерлері әлеуметтік желілерде профилактикалық жұмыс жүргізеді.

Оқу жылы басталар алдында «Абайлаңыз, балалар» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының бірінші кезеңін өткізу жоспарланып отыр. Жол-көше желілері, әсіресе оқу орнындарына жақын жолдардың жағдайы тексеріледі, ата-аналар жиналыстарында балалар жол-көлік жарақаты профилактикасы бойынша дәрістер өткізіледі», - дейді Қанат Айтбаев.


Соңғы жаңалықтар