CҚО-да жоғалған 300 жылқы табылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жайылымнан жоғалған 300 жылқы табылып, иелеріне қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан облыста мал ұрлығына қатысты 80 дерек тіркелді. Түліктің басым бөлігі жайылымнан жоғалған.

«Полиция департаментінің біреудің мүлкін ұрлауға қарсы 2019-2020 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасы бар. Ведомстволық жоба аясында мал ұрлығын ашу және алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар жүзеге асырылады», - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Тәртіп сақшыларының айтуы бойынша, мал көбіне жайылымда қараусыз қалғанда ұрланады.

«Мал ұрланғанда иелері бірден полицияға хабарламай, алғашқы күндері өздері іздеп таппақ болады. Бұл тәртіп сақшыларының жұмысын қиындатады. Ұрыларды алысқа ұзатпай ұстау мүмкіндігінен айырады», - дейді полицейлер.

Ақжар ауданында қазан айында 300 жылқы жоғалды. Тәртіп сақшылары малды тауып, иелеріне қайтарды. Осы ауданнан бұдан басқа 49 жылқы ұрланып, іздестіріліп жатыр. Түлік бағылмай, еркін жайылымда болған. Осыған ұқсас жағдай Жамбыл ауданында тіркелді. Қараусыз жайылып жүрген 46 жылқының қайда кеткені белгісіз. Осыған байланысты қазір жедел-іздестіру шаралары қолға алынды.

Мәлім болғандай, ұрылар малды қорадан да алып кетеді. Биыл жыл басынан облыста осылайша 18 мал қолды болған.

Соңғы жаңалықтар