CҚО-да өгіз ұрлап қолға түскен күдіктінің басқа да қылмысқа қатысы бар болып шықты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Астық» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында ауыл шаруашылығына қатысты 20 қылмыстың беті ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Астық» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы 20-тамыз бен 10-қазан аралығында өтеді. Мақсаты – егін ору науқанында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету. Яғни шаруалардың маңдай термен тапқан астығының қолды болмауына, ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерінің және жанар-жағармайдың ұрлануына тосқауыл қою.

Тәртіп сақшыларына Тимирязев ауданындағы ауылдық округтердің бірінің әкімі жеке кәсіпкердің асыл тұқымды бұқасының қолды болғандығы жөнінде арызданған. Ірі қара малдың нарықтағы бағасы 420 мың теңге шамасында. Қылмыстық іс қозғалып, полицейлер ізін суытпай күдіктіні анықтады.

Тергеу барысында Тимирязев ауданының 28 жастағы тұрғынының бұған дейін жасалған басқа қылмысқа да қатыстылығы анықталды.

«Көктемде элеватордағы зертханадан «Infratec-1241» атты астық анализаторы, электронды таразы және басқа да қондырғылар - жалпы құны 8 млн теңгенің дүниесі ұрланды. Жедел-іздестіру шарасы барысында ірі қара мал ұрлаған күдіктінің элеватордағы қылмысқа да қатыстылығы дәлелденді. Онымен бірге қылмыс жасаған 1994 жылы туған тағы бір ауыл тұрғыны ұсталды», - дейді полиция қызметкерлері.

Ұрланған заттар алынды, арнайы сараптамадан өткеннен кейін иесіне қайтарылады. Ал асыл тұқымды бұқаны ұрылар етке өткізіп жіберіпті. Енді келтірген шығынның орнын толтырады.

Жалпы «Астық» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы басталғалы облыста 20 қылмыс тіркелген. Оның 11-і жанар-жағармай, 8-і қосалқы бөлшектер ұрлығына қатысты. Сондай ақ жемазық пен астық ұрлау фактілері де тіркеліп отыр.







Соңғы жаңалықтар