CҚО-да мотоциклшілердің жол апатынан бір адам қайтыс болған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мотоциклшілердің жол апатын жасауы жиілеген. Салдарынан бір адам қаза тапты, үшеуі жарақаттанған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл жаз басталғалы мотоцикл жүргізушілерінің салдарынан үш жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Соның бірі 29 маусым күні Петропавлда болды. Сәтпаев көшесінде мотоциклші бір бағытта келе жатқан Toyota Alphard көлігімен соқтығысқан.

Оқиға орнында жұмыс істеген патрульді полиция батальоны қызметкерлері жинаған материалға сәйкес, 23 жастағы мотоцикл жүргізушісі қауіпсіз арақашықтықты сақтамай, көлікке тым жақын келген.

Салдарынан жігіт және оның 27 жастағы жолаушысы – бойжеткен жарақаттанды. Екеуі де ауруханаға жатқызылды. Мотоциклшінің көлік жүргізуге құқығы болмаған.

Осы оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Жол қозғалысының барлық қатысушыларын жолда қырағылық танытып, ерекше сақ болуға шақырамыз. Мотоцикл жүргізушілері де, олардың жолаушылары да мотошлем киюі қажет. Жол қозғалысы ережесінде мотоциклшілерге қатысты бірнеше талап бар. 12 жастан төмен балаларды бұл көліктің артқы орындығында тасымалдауға болмайды. Мас жолаушыны да отырғызуға тыйым салынған», - дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Жалпы жаз басталғалы CҚО-да мотоциклшілер жасаған үш жол-көлік оқиғасында бір адам қаза тапты, үшеуі жарақаттанды.


Соңғы жаңалықтар