CҚО-да екі жасөспірім нашақор ретінде тіркеуде тұр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында есірткіге тәуелді 588 адам есепте тұрса, соның екеуі - жасөспірім, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыста нашақорлықтың алдын алуға арналған #сеніңтаңдауын2021 челленджі өтіп жатыр. Бұл - есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің бастамасы. Оған спорттық, музыкалық ұжымдар қатысып жатыр. Нәтижесінде, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының паблигінде 30-дан астам ролик жарияланды.

«Челлендж нәтижесі бойынша жеңімпаз анықталады, ол бағалы сыйлықпен, қалған қатысушылар дипломдармен марапатталады. Марапаттау рәсімі 26 маусымда - Халықаралық нашақорлықпен күрес күні өтеді. Челленджді өткізудегі мақсат – нашақорлықтың алдын алу. Жыл басынан қызметкерлер 130-дан астам түрлі іс-шара: дәрістер, кездесулер, семинарлар өткізді, басым бөлігі онлайн режимде ұйымдастырылды. Волонтерлермен бірге үш рет жарнамаларды бояуға шықтық, 86 жазба өшірілді», - дейді СҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.

СҚО-да үш жыл бұрын полицейлер «Тұз бен спайстар: кері қайтар жол жоқ» фильмін түсірді. Бұл фильм желі қолданушыларының қызығушылығын тудырып, синтетикалық есірткілер туралы мәлімет беретін бірден-бір дереккөзге айналды. Одан бері жағдай өзгерді: заңнамаға синтетикалық есірткімен тиімді күресуге мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді, енді есірткі жасыратындарға да, есірткі жарнамалайтын адамдарға да қатаң шаралар қолданылады. Бұл туралы және тағы көптеген жайттар жөнінде полицейлердің бастамасымен түсіріліп жатқан фильмнің екінші бөлімінде жақында көруге болады.

Бүгінде СҚО-да 588 есірткіге тәуелді адам есепте тұр, оның 2-уі жасөспірім.

Жыл басынан өңірде заңсыз айналымнан 119 кг астам түрлі есірткі заты алынды, оның 4,7 кг синтетикалық есірткі.

Соңғы жаңалықтар