CҚО-да биыл 4 заманауи сүт фермасы пайдалануға берілмек

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының төрт ауданында биыл заманауи тауарлы-сүт ферма пайдалануға берілмек. Нәтижесінде тағы 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылы 5-қазанда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Негізгі міндет - еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту керек», - деді.

Аграрлы аймақ, СҚО үшін бұл - ең басты бағыттардың бірі болып отыр. Ауыл шаруашылығын дамытудың арқасында өңірдегі 700-ге жақын елді мекеннің де жағдайы жақсармақ.

СҚО-да қазір сүт өндірумен 80 шаруашылық айналысса, соның 16-сы заманауи технологиямен жұмыс істейді. Солардың бірі былтыр желтоқсан айында Қызылжар ауданының Трудовое елді мекенінде ашылды. «Зенченко и К» командиттік серіктестігінің тауарлы-сүт кешені 600 ірі қараға шақталған.

Жобаны жүзеге асыруға серіктестік 500 млн теңге қаржы жұмсады. Қазір мұнда 350 сауын сиыр бар. Әр сиырдан тәулігіне 25 литр сүт алынады. Толық қуатында жұмыс істегенде жылына 2 мың тонна сүт өндіретін болады. Қазір мұнда 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сиыр сауыны - толықтай автоматтандырылған. Неміс қондырғысы әр қара мал туралы, оның қашан бұзаулағанына дейін толық мәлімет береді. Шикізат толығымен шаруашылықтың зауытына жіберіледі. «Зенченко и К» сауда белгісі Қазақстанда ғана емес, көрші Ресейде де жақсы таныс.

СҚО-да бүгінгі таңда сүт өндірісін көбейту мақсаты тұр. Өйткені табиғи өнімге сұраныс жоғары. Былтыр тек Ресей мемлекетіне ғана 18,7 мың тоннаға жуық сүт экспортталса, биыл жыл басынан көрші елге 900 тоннасы сатылыпты.

«Былтыр 555 мың тонна сүт өндірілді. Оның 246 мың тоннасы, яғни жартысына жуығы сүт өңдейтін кәсіпорындарға жеткізілді. Облыста олардың саны - 13. Қазір сүт зауыттарын 90 пайызға жергілікті шикізатпен қамтып отырмыз», - дейді СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Наурызбаев.

СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, тауарлы-сүт фермалардың біреуі жақында «Шәймерденов» шаруа қожалығында ашылмақ. Аққайың ауданы Ленин ауылында 400 ірі қараға арналған ферманың құрылысы былтыр басталды. Бірер күнде Австриядан симментал тұқымды 500-ге жақын қара мал әкелінбекші. Ал мамыр айында шаруашылық қажетті қондырғы алуды жоспарлап отыр.

Бұдан басқа биыл Аққайың, Тайынша, Қызылжар және Мамлют аудандарында тауарлы-сүт кешендері пайдалануға берілмек. Нәтижесінде тағы 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Соңғы жаңалықтар