CҚО-да «Бастау Бизнес» жобасының биылғы түлектері 43 млн теңгеге жуық грант алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Бастау Бизнес» жобасының биылғы 73 түлегі өз кәсібін ашу үшін грант алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіпкерліктің негіздерін үйрететін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша биылғы жылдың алғашқы түлектері 42,6 млн теңге грант алды. Курстан өткен 73 адам енді өз кәсіптерін ашпақ. Жалпы жыл басынан облыста осы бағдарлама арқылы 400 бизнес-жоба қаржыландырылды.

СҚО кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау бөлімінің сарапшысы Әсел Самаратованың айтуынша, жыл басынан «Бастау Бизнес» бойынша 374 солтүстікқазақстандық оқудан өтті. Қазір тағы 253 адам кәсіпкерліктің негіздерін үйреніп жатыр.

«Карантиндік шектеулерге байланысты биыл да «Бастау Бизнес» бойынша курс «Atameken Academy» платформасында онлайн өтіп жатыр. 374 адамды оқытып шығарсақ, соның 73-і грант алды. Тағы 53 түлекке 214,9 млн теңге несие берілді. 24 мамыр күні курсқа қабылданған 253 адамға сабақ басталды.

Жалпы биыл 750 адамды оқытуды жоспарлап отырмыз», - дейді Әсел Самаратова.

Курс 21 күнге шақталған. Ал өткендерге сертификат беріледі. Бұл құжатпен жоба түлегі 200 АЕК мөлшерінде грант немесе 6 % мөлшерлемемен несие ала алады.

«Былтыр 938 адам курстан өтсе, солардың жартысына жуығы қаржылай қолдауға ие болды. Жалпы 4 жылдың ішінде «Бастау Бизнес» бойынша 7050 адам кәсіпкерлік негіздерін білді. Нәтижесінде 1,6 мың жеке кәсіпкерлік құрылды. Олар 2,1 млрд теңгенің өнімін шығарып, қызметін ұсынды. Осы аралықта 1725 адамға 2,3 млрд теңгенің гранты мен несиесі берілді. Оның 1,6 млрд теңгесі өткен жылға тиесілі», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Арман Оразғұлов.


Соңғы жаңалықтар