CҚО-да «Баста» кәсіпкерлер форумы өтті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жаңадан ісін бастаған 150 кәсіпкердің басын қосқан өңірлік форум өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, форумға Петропавл мен облыстың жақын маңдағы аудандарының жас кәсіпкерлері және ісін жаңа бастаған бизнесмендер қатысты. Жиынның мақсаты – тәжірибе алмасу. Форумға қатысушыларға өңірдің танымал кәсіпкерлері ақыл-кеңестерін беріп, ұлттық бизнес-жаттықтырушы Ғани Абадан тренингтер өткізді.

Форумның «баста» деп аталуы бекер емес. Тәжірибелі кәсіпкерлер жастарды қиындықтан қорықпай өз бизнесін бастауға шақырды. Солардың бірі - Сайран Хамзин бизнеске 20 жыл бұрын келген екен. Бастапқыда май сатудан бастаған ол бәсекелестері пайда болғаннан кейін басқа бағытты ұстанады. Қазір ісі өрге басқан бизнесмен. Ал Айтықан Қалғаева отбасының берекесін ғана кіргізіп қоймай, жеке кәсібін де дөңгелеткен жандардың бірі. Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрайымы.

Форумға қатысушылардың спикерлерге сұрағы көп болды. Олар әсіресе ұлттық бизнес-жаттықтырушы Ғани Абаданның сөзін ұйып тыңдады. «Атамекен» ҰКП бренд-амбассадоры бұл күндері Қазақстанның қалаларын аралап, «Бастау», «Жас кәсіпкер» жобаларының түлектерімен кездесіп жатыр.

«Мемлекеттік бағдарламалар жайында мағлұмат беріп, кәсіппен айналысуға болатындығын айту, ақпараттық көмек беру – менің міндетім. Қазір бәрі мүмкін, қорықпай істі бастап кету қажет. Қолдан келмейтін іс жоқ», - дейді Ғани Абадан.

Кездесуге келгендер мүмкіндікті пайдаланып, сауалдарына жауап алуға тырысты.

«Мен ауылда фитнес-жаттықтырушы болып істеймін. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша курстан өттім. Ісің өрге басу үшін үнемі ізденісте болып, білімді арттыру қажеттігін түсіндім. Үш сағатымды жұмсағаныма өкінбеймін. Біз қонақтарды тыңдап қана қоймай, көкейде жүрген сұрақтарымызды қойдық», - дейді ісін жаңадан бастаған кәсіпкер Әсел Серікбаева.

Петропавлда мұндай форум алғаш рет жазда өтті. Ол жолы өңір жастарына «Жас кәсіпкер» бірегей жобасы ұсынылып, таныстырылды.

Соңғы жаңалықтар