«Цифрлық Жібек жолы» - қарым-қатынастың жаңа форматы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және «Нұрлы жол» бағдарламасы. Өзаратиімді өсім мен өркендеу траекториясы» тақырыбында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен Қытай Халық Республикасының Елшілігі жариялаған байқау аясында қатысушылардан келіп түскен мақалалар оқырман назарына ұсынылады.

*** 

Төртінші төңкерістің тегеуріні

Жаһандық қаржы-экономикалық қалтарыс, заманауи технологияның мүмкіндігі мемлекетаралық қарым-қатынастың тың тұрпатын қалыптастыруда. Технологиялық трендтер қоғамның экономикалық, әлеуметтік-мәдени даму сипатын өзгертеді. Бұл құбылыс - бүгінде жиі айтылатын Төртінші өнеркәсіптік революцияның алғышарты. Дүниежүзілік экономикалық форумның құрушысы К.Шваб: «Төртінші өнеркәсіптік революция жаңа ғасырда басталды және ол цифрлық сипатта жүзеге асады. Басты ерекшелігі - жасанды интеллект және оқытушы машиналар» деген еді.

Ұлы Жібек жолымен ежелден тауарлар, қызметтер және идеялар Еуразияның бойымен тамырдай таралды. Технологиялық түлеу дәуірінде Жібек жолы жаңғырып, үкіметтердің даму стратегиясы, «ақылды қалалардың» ынтымақтастығы және трансшекаралық сауда арқылы жаңаша түрге енді. «Бір белдеу - бір жол» - ежелгі сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықты жаңғырту инициативасы. Масштабты бағдарлама «Жібек жолының экономикалық белдеуі» және «XXI ғасырдағы Теңіз Жібек жолы» бағыттарынан тұрады. Инициативаның 5 жылдық даму кезеңінде «Әуедегі Жібек жолы» мен «Мұзды мұхиттағы Жібек жолының» да өзектілігі артып келеді. Құрлық пен теңіздегі, тіпті әуедегі байланысқа белсене кіріскен Қытай «Цифрлық Жібек жолын» орнатуға ерекше көңіл бөледі.   

Еуразиялық кеңістіктегі бірқатар мемлекеттер де цифрлық экономиканы ұлттық даму стратегиясы шеңберінде қарастырады. Мысал ретінде Қырғыстандағы «Таза коом», Беларусь Республикасындағы «Цифрлық экономика және ақпараттық қоғамды дамыту», Түркияның «Стратегия-2023», БАӘ «Цифрлық Жібек жолы», Ресейдегі «Цифрлық экономика», Қазақстандағы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын айтамыз. Соның ішінде ҚР мен ҚХР қарым-қатынасын цифрландыру оны ашық, жедел және тиімді дамытуға мүмкіндік береді. «Бір белдеу - бір жол» бойында оған лайықты инфрақұрылым қалыптасып келеді.

null

Қытайдағы цифрлық қарқын

ҚХР - цифрлық экономиканы дамыту бойынша Қазақстан үшін бірден-бір үлгі мемлекет. 2017 жылы 14 мамырдағы «Белдеу мен жол» форумында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин: «Біз «үлкен деректерді», «бұлтты» технология мен ақылды қалаларды дамыту арқылы XXI ғасырдың Цифрлық Жібек жолын құруымыз қажет» деді. Қытай ғалымдарының бастамасы және 19 мемлекет, 7 халықаралық ұйымның қатысуымен «Digital Belt and Road Program» табысты жұмыс істеуде. ҚХР ЖІӨ 30%-ын немесе 3,4 трлн $ цифрлық экономика құраған. Осы көрсеткішпен Қытай әлемде екінші орында тұр. Үш интернет-алпауыт - Baidu, Alibaba, Tencent үрдісті жылдам әрі ауқымды жүргізуге қолайлы «экожүйе» қалыптастырды.

ҚХР үкіметі экономикaлық реформaны ілгерілету үшін 13-бесжылдыққа «Интернет+» бағдарламасын қабылдады. Өйткені, Қытайда интернет-қолдaнушылар саны қaрқынмен артып келеді. 2016 жылы олардың саны АҚШ пен ЕО қолданушыларын асып түсіп, 731 млн. адамға жетті.  «Inresearch» дерегі бойыншa, 2015 жылы Қытaйдағы электрондық коммерциядан: Alibaba - 209,62 млрд $, Baidu 75,17 млрд $, Jingdong 43,06 млрд $, Netease 21,35 млрд $,  Suning Cloud Commerce 15,67 млрд $ кіріс келтірген. Бұл - Қытайдың ауқымды сауда-экономикалық табысы.  

Қытай «Реформа және ашықтық» кезеңінен технология, адами капиталға ден қойып, экономиканы модернизациялау, «сяокаң» қоғамын орнату міндеттерін іске асыруда. Өндірістің әлеуетін арттыруға қабылданған «Made in China - 2025» бағдарламасы нарықта үлкен бәсекелестік тудырғалы отыр. Қытайдағы  квaнттық коммуникaция жүйесі, ғарышты зерттеу құрылғылaры, суперкомпьютерлер, жаңа үлгідегі aвтомобильдер әлемнің қызығушылығын тудырады. Енді құрлықты қойып, Қытайда «Ғарыштағы Жібек жолын» құру туралы да айтылып жатыр. Бұл жедел хабар беру, табиғат апаттары мен климаттық өзгерістер туралы ақпарат алмасуда қажет болмақ. Қазақстан Республикасы үшін спутниктерден aлынғaн деректі өңдеу, ғарышкерлерді бірлесіп дайындау жағынан ынтымақтастықтың рөлі арта түседі.

  

Қазақстан Республикасы сыртқы саудасының негізгі көрсеткіштері*

 

2018 жылдың қаңтар-наурыз айлары

   

мың АҚШ доллары

Аумақтың атауы

Тауар айналымы

Экспорт

Импорт

Барлығы

Тауар айналымының жалпы көлеміндегі елдің үлес салмағы, %

Барлығы

экспорттың жалпы көлеміндегі елдің үлес салмағы, %

Барлығы

импорттың жалпы көлеміндегі елдің үлес салмағы, %

Соның ішінде барлығы:

21 026 434,0

100,0

13 779 226,5

100,0

7 247 207,5

100,0

ЕЭО елдері

4 185 741,3

19,9

1 328 143,5

9,6

2 857 597,8

39,4

Әлемнің басқа елдері

15 713 587,3

74,7

11 646 881,0

84,5

4 066 706,3

56,1

Азия

5 164 891,4

24,6

3 319 286,1

24,1

1 845 605,4

25,5

Қытай

2 513 903,6

12,0

1 377 637,9

10,0

1 136 265,7

15,7

*ҚР Статистика агенттігінің ресми сайтынан

 

Цифрлық Қазақстан

Цифрлық экономикасы осындай қарқынмен дамып жатқан Қытайдан іргедегі Қазақстан қалыс қалмауы тиіс. Қазақстан Жібек жолы бойындағы мемлекет ретінде цифрлық экономиканы дамытуға талпыныс білдіреді. 2017 жылы қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы энергетикалық, қаржылық, көліктік және логистикалық салаларды трансформациялап, ақпарат ағымын ұлғайтуға бағытталған. Қазақстан 2050 жылы әлемнің ең озық 30 цифрлық экономикасының қатарына енгелі отыр.2022 жылы интернет желісін пайдаланушылардың үлесін 82%-ға, «ақылды қалалардың» санын 5-ке жеткізу межесі қойылған. Сондықтан осы тарапта жүйелі жұмыс қажет.

Қазақстан көршілес мемлекеттің цифрлық мүмкіндіктерін екіжақты сауда-экономикалық байланыста тиімді пайдалануы қажет. Оған ішкі рынокта сұраныс қалыптасып келеді. 2018 жылы 7 маусымда ҚР Президентінің ҚХР-ға сапарында «ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен ҚХР Коммерция министрлігі арасындағы электрондық сауда саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум» қабылданды. 2018 жылдың 5 айында электрондық сауда рыногының көлемі 101 млрд теңге немесе жалпы сауда айналымының 2,9 пайызын, яғни 2 есе өсімді көрсетіп отыр. Жыл басынан елімізде электрондық сауданың жаңа 110 субъектісі ашылған және 1700 интернет-дүкен жұмыс істейді. Осы орайда «Қорғас» құрлықтағы порты - трансшекаралық электрондық сауданы дамытудың тиімді жолы. Бұл Қазақстанның транзиттік жағдайын кеңейту және шағын, орта бизнес өнімдерін экспорттауға жол ашады. 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қытаймен тауар айналымы 12 пайызды құрайды. Электрондық сауда арқылы оны қарқынды дамытуға болады деп есептейміз.
null

«Цифрлық Жібек жолын іске асыру» сауда саласында ғана емес, Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін іске асыру үшін деректерді берудің, сақтаудың және өңдеудің жылдамдығы жоғары және қорғалған инфрақұрылымын дамыту бағыты. Қазақстан әлемде болып жатқан жаңалықтардан тыс қалмай, заманның технологиялық табыстарымен ілесе отырып, өзінің тың ұсыныстарымен енуі қажет. 2018 жылы 2-3 шілде Астанада өткен Жібек жолы бойындағы қала мэрлерінің "Global Silk Road" халықаралық форумы маңызды алаң болды. Астана мен республикалық маңызды қалалардың «Ақылды қала» жобасын орындау бойынша Бейжің, Шанхай, Шэнчжен, Чунцин сияқты ірі орталықтарымен байланысты нығайту қажет.

null

Қорытынды

Қытай мен Қазақстанның ақпарат және коммуникация саласында, жетекші телер-радио хабар тарату орталықтарының ынтымақтастығы нығайып келеді. ҚР Президентінің Қытайдың CCTV арнасындағы жаңа жылмен құттықтауы, қытайлық баспа беттеріндегі сұхбаттарының жариялануы, деректі және көркем фильмдерді көрсету екіжақты байланыстың жемісі. Қос мемлекеттің шекаралық аймақтары, ірі қалаларының дамуын сәйкестендіру, озық тәжірибелермен бөлісу, цифрлық экономика мамандарын даярлауда бірлескен іс-қимыл қажет. Ғылым мен технологияның жетістіктерімен алмасу, бірлескен зертханалар құру, технопарктердің арасындағы серіктестік маңызды болмақ. ҚХР Астана қаласы Елшілігінде 2018 жылдың 1 тамызынан бастап, ҚХР-ға виза алуға құжат тапсыру үрдісі толығымен электрондық тәртіпте жүргізіледі. Бұл цифрлық ынтымақтастықтың тағы бір көрінісі деп есептейміз. Қазақстан Республикасы «Цифрлық Жібек жолының» мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы оны құруға атсалысып, ұлттық және ақпараттық қауіпсіздік мәселесін назардан шығармауы тиіс. 

 

 

Олжас Бейсенбаев

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Шығыстану факультеті

Қытайтану кафедрасының

2-курс докторанты

Соңғы жаңалықтар