Цифрлық үкімет саласындағы инновациялар байқауының жеңімпазы анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана мемлекеттік қызмет хабы жариялаған цифрлық үкімет саласындағы инновациялар байқауының жеңімпазы жарияланды. Айта кетейік, конкурс ең нәтижелі инновациялық шешімдерді анықтау және оларды аймақ елдері арасында тарату мақсатында жарияланған болатын.

Хабтың баспасөз қызметінен хабарлағандай, конкурс бойынша «Блокчейн: электрондық үкіметке арналған инновациялық шешім» жобасын ұсынған IMD Дүниежүзілік бәсекеге қабілет орталығы (Швейцария) және «E-Practicum: практикалық білімге арналған онлайн-платформа» жобасын ұсынған Digital Solutions Ltd.(Қазақстан) жеңімпаз атанды.

Айта кетерлігі, конкурсқа 17 елдің 46 өкілі қатысты. Атап айтқанда, АҚШ, Әзербайжан, Бангладеш, Венгрия, Египет, Замбия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Оңтүстік Африка Республикасы, Ресей, Тәжікстан, Украина, Ұлыбритания, Черногория және Швейцария. Биылғы конкурстың жеңімпаздарын Эстония, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы және «Зерде» Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингінің өкілдерінен тұратын Халықаралық бағалау комиссиясы анықтады.

 «Қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды дамыту мемлекеттік қызмет үшін жаңа мүмкіндіктер, сонымен бірге сын-тегеуріндер туғызады. Ашық ақпараттық қоғамда азаматтар басқа елдердегі мемлекеттік органдардың жұмысынан хабардар. Бұл мемлекеттік органдар үшін квази-бәсекелестік ортаны қалыптастырады. Азаматтардың өсіп келе жатқан үмітін қанағаттандыру үшін мемлекеттік органдар инновацияларды қолдануы тиіс. Байқаудың мақсаты - мемлекеттік қызмет саласындағы ең озық инновациялық шешімдерді анықтау және оларды одан әрі пайдалану мақсатында Хабтың қатысушы елдері арасында тарату», - дейді Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов.

Жеңімпаздарға инновациялық шешімдердерді жүзеге асыру жөнінде оқыту кейстері мен әдістемелік нұсқауларды әзірлеу және оларды Астана хабының қатысушы елдері арасында тарату үшін жағдай жасалады.

Соңғы жаңалықтар