Цифрлық сот талдауы енгізіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде цифрлық сот талдауы енгізіледі. Бұл туралы Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ІТ-технология азаматтардың конституциялық құқықтары мен еркіндігін тиімді әрі жедел қорғауға мүмкіндік береді. Сот төрелігі адамдар мен бизнес үшін барынша қолжетімді әрі ашық бола түсті. Сөт төрелігін цифрландыру жайында айтар болсақ, біріншіден, коронавирус пандемиясы соттардың жұмысына түзету енгізді. Жедел түрде процесс қатысушыларының қауіпсіздігі мен сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету арасындағы теңгерімді табу қажет болды. Осы орайда нақты оң тұстар да бар. Сот жүйесін цифрландыру жеделдеп, бейнеконференцбайланысының қосымша ұтқыр серверлері орнатылды. Байланыс арналарының өткізу қабілеті артты. Бұл соттарға қашықтан жұмыс істеу форматына көшуге мүмкіндік берді», - деді ол «Жасанды интеллект және сот пен құқық қорғау жүйесіндегі үлкен деректер: шындық және уақыт талабы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта сот отырыстарын қалыпты режимде өткізуге шектеудің жоқтығына қарамастан онлайн форматқа сұраныс әлі де жоғары.

«Екіншіден, барлық сот қызметтеріне бірыңғай электронды терезе арқылы қолжетімділік бар. Кез келген гаджеттен мобильдік қосымша арқылы соттарға 100-ден астам электронды өтінім жіберуге болады. Өтінімнің тіркелгенін қашықтан көріп, оның мәрбесін білуге және сот актісін алуға мүмкіндік жасалған.

Үшіншіден, сот отырыстарының барлық залы заманауи аудио және бейнетіркеу жүйесімен жабдықталған. ІТ-сервистер адамдардың соттармен өзара іс-қимыл жүйесін өзгертіп, мұнан ары ілгерілеуге мүмкіндік берді. Біздің жаңа ІТ өніміміз – бұл цифрлық сот талдауы. Ол біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыруға көмектеседі. Онда алғаш рет жасанды интеллект элементтері қолданылады», - деді Асламбек Мерғалиев.


Соңғы жаңалықтар