Цифрлық майнинг үшін төлемақының жаңа сараланған ставкалары белгіленді

None
Фото: coipacapital.com
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда цифрлық майнинг үшін төлемақы ставкасының прогрессивті шкаласы қолданылады. Ставканың өзгеруі тұтынылған электр энергиясы бағасының құнына байланысты. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Салық кодексінің 606-3-бабының жаңа редакциясына сәйкес, цифрлық майнинг үшін төлемақының мөлшері электр энергиясының 1 киловатт-сағаты құнына байланысты болады.

Арзан бағада электр энергиясын қолданған кезде төлемақының ставкасы жоғары, яғни 25 теңге болады. Егер керісінше, қолданған электр энергиясы қымбат бағада, яғни 24 теңгеден жоғары болса, төлемақы ставкасы төмен болады – 1 теңге көлемінде.

Өзінің меншігіндегі электр станцияларында жаңартылатын электр энергиясы көздерінен өндірілген қуатты пайдаланған кезде тұтынылған электр энергиясының 1 киловатт-сағаты үшін 1 теңге ставкасы бойынша есептеледі.

Меншікті электр энергиясын пайдаланған кезде 1 киловатт-сағаты үшін 10 теңге ставкасы бойынша есептеледі.

Электр энергиясын тұтыну көлемін есепке алудың бақылау аспаптары болмаған немесе олар ақаулы күйде болған кезде цифрлық майнинг мақсатында төлемақы тұтынылған электр энергиясының 1 киловатт-сағаты үшін 25 теңге ставкасымен есептеледі.

Бұл жағдайда электр энергиясының көлемі электр энергиясының ең жоғары қуатын тәулік бойы тұтыну есебінен есептеледі.

Төлемақының әртүрлі ставкаларын қолданудың бірнеше негіздері бір мезгілде туындаса, төлемақының ең жоғары ставкасы қолданылады.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы 11 шілде күні «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.


Фото: coipacapital.com

Соңғы жаңалықтар