«Цифрлық Қазақстан»: Сағынтаевқа отандық АТ-компаниялардың мүмкіндіктері таныстырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша АТ-қауымдастық өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл туралы primeminister.kz сайтында хабарланды.

Кездесу барысында экономиканы цифрландыру мен қазақстандық АT-қауымдастықты дамытудың ауқымды жұмыстарының негізгі кезеңдері талқыланды. Атап айтқанда, «Astana Hub» АТ-стартаптардың халықаралық технопаркінің инновациялық кластерін құру, отандық кадрларды даярлау, ақпараттық қауіпсіздік, АТ-стартаптар үшін инновациялық гранттар бөлу, отандық АТ-қызметтердің экспорттық әлеуетін қолдау және отандық АТ-компаниялардың қызметтеріне кедергі келтіретін тосқауылдарды жою секілді мәселелерге ерекше назар аударылды.

null
Бизнес-қауымдастық өкілдері отандық цифрлық индустрияны дамыту туралы өздерінің көзқарастарымен бөлісті. Сондай-ақ өз ұсыныстары мен қызығушылық танытатын мәселелерін атап өтті. Мәселен, АТ-мамандарын бүгінгі таңда тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдету, отандық АТ-компанияларды мемлекеттік қолдау, МЖӘ тетіктерін жетілдіру, электрондық коммерцияны ынталандыру мәселелері толғандырады. Сонымен қатар АT-компаниялар арасында бәсекелестікті дамыту, цифрлық экономика дағдыларын дамытуға бағытталған білім беру жүйесін жаңғырту тетіктері қызықтырады.

Кездесу барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары А. Жұмағалиев, Ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев, қаржы вице-министрі Р. Еңсебаев сөз сөйледі.

Шара қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев 20 отандық АТ-компанияның мүмкіндіктері туралы презентациялық стендтермен танысты.
null

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында цифрландыруды дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берген еді.

«Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді. Сондықтан Үкімет АТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс. Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияларды қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу болып саналады», - делінген Жолдауда.


null

Соңғы жаңалықтар