«Цифрлық Қазақстан»: Ақтөбеде жұмыссыздар мен зейнеткерлер компьютерді тегін меңгеріп жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің Алға ауданында тұрғындар компьютерде жұмыс істеуді үйреніп жатыр. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында 1500 адам тегін оқытылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зейнеткерлер мен бала күтімімен үйде отырған әйелдер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар компьютер тілін меңгеруде. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан мектептері мен индустриалды-техникалық колледждің информатика пәнінің мұғалімдері компьютерлік сауаттылық арттыру сабақтарын тегін өткізеді. Барлығы 16 мұғалім алдын ала дайындықтан өтті. 

«Аудан тұрғындары үшін 14 мектепте және екі колледжде тегін дәріс өтіп жатыр. Олар ең алдымен компьютерде жұмыс істеуді меңгереді. Сондай-ақ egov.kz электронды порталына тіркелу мен ғаламторда онлайн сауда жасау тетіктерін біліп шығады. Цифрлық сауаттылықты ашу курстары ауданда тамыз айының соңына дейін жүреді. Бүгінде аудан бойынша компьютерлік сауаттылық арттыру сабақтарына 200-ден астам адам келіп, базалық дағдыларды үйренді. Жоспар бойынша үш ай мерзім ішінде 1500 адамды оқытамыз. Жұмыссыздарға, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар, компьютерді меңгеремін деген кез келген ниет білдірушілерді тегін қабылдаймыз»,- деді Алға ауданы әкімінің орынбасары, аудан бойынша цифрландыруды енгізу және үйлестіру мәселелері бойынша жауапты маман Әнуарбек Қонжар.

Айта кетейік, өткен жылы елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Жоспар бойынша 2020 жылы тұрғындардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға арттыру қажет.

Соңғы жаңалықтар