Цифрлық экономиканы дамыту бойынша Қазақстан нешінші орында

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел экономикасын цифрлық дамыту көрсеткіші қандай? Цифрлық экономиканы дамыту жағынан қай елдер көш бастап тұр? Бұл сұрақтарға ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрлық эволюциясы баяу дамып келе жатқан мемлекеттер қатарында Солтүстік Еуропа елдері бар. Атап айтқанда, Дания, Швеция, Финляндия, Норвегия. Оның себебі - аталған елдер дамудың шыңына шығып, ендігі уақытта инклюзивті тұрғыдан өсу сатысына көшкен. Цифрлық экономиканы дамыту бойынша көшбасшы елдер - Азия жолбарыстары. Олардың қатарында Сингапур, Гонконг, Оңтүстік Корея бар», - деді Серік Жұманғарин ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігінің алаңында өткен Open Space жобасының тікелей эфирінде.

Оның айтуынша, аталған саланы ілгерілетуде алпауыт АҚШ екінші орында келеді.

«Ең қызығы, АҚШ екінші орында. Осындай жаһандық және ірі экономиканы дамытып, трендте болу, әрине АҚШ үшін аса құрмет. Біз цифрлық экономикасы перспективалы дамып келе жатқан елдердің қатарындамыз. Тізімде Қазақстан Әзербайжан, Грузия, Польша, Латвия, Сауд Арабиясы, Чили, Бахрейнмен тең дәрежеде. Проблемалық елдерге келсек, олардың қатарына Словакия, Италия, Венгрия, Хорватия еніп отыр. Оларда цифрлық экономиканың дамуына қатысты айтулы проблемалар бар»,- дейді ол.

Бұған дейін ҚазАқпарат алаңында өткен аталған жоба эфирінде келер жылдан бастап қазақстандықтар жеке деректерін өздері басқара алатындығы айтылды.


Соңғы жаңалықтар