Цифрлық даму министрлігіне жаңа міндеттер жүктеледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне бірқатар жаңа құзырет берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысында жазылғандай, ведомствоға мына функциялар беріледі:

- облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары үшін компьютерлік және мультимедиялық жабдықтарды сатып алуды жүргізеді;

- мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін резервке қоюды қамтамасыз ету;

- мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді уақтылы қабылдамағаны үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының жауапкершілігі туралы ұсыныстар енгізу;

- цифрландыру кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп объектілерінде байланыс қызметтерін субсидиялау қағидаларын әзірлеу және бекіту;

- абоненттік құрылғылар арқылы халықты орталықтандырылған шұғыл жаппай хабардар етуді қамтамасыз ету;

- ҚР Мемлекеттік геодезиялық, нивелирлік және гравиметриялық желілерінің пункттері мен белгілерін салу, тексеру және қалпына келтіру жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу және бекіту;

- инновациялық қызметті дамытудың Ұлттық индексін есептеу әдістемесін әзірлеу және бекіту;

- ауылдық елді мекендерде түпкілікті тұтынушыға дейін талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жөніндегі байланыс операторларының шығындарын өтеуге конкурс өткізу қағидаларын әзірлеу және бекіту және басқа да міндеттер.

Құжатта жазылғандай, бұл өкілеттіктер «ҚР мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Президент Жарлығын іске асыру щеңберінде беріліп отыр.

Үкімет қаулысы 16 маусымға дейін көпшілік талқылауда болады.


Соңғы жаңалықтар