Цифрлы Қазақстан: онлайн көрсетілетін қызметтер қатары толықты

None
Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Цифрландыру саласында қолданысқа енген бірқатар жаңа қызмет түрі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында пысықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомство сайтына сілтеме жасап.

Отырыста Маңғыстау және Түркістан облыстары әкімдіктерінің өткен кездесулерде көтерген мәселелері қаралды. Ондағы кейбір мәселелердің шешілу жолдары бүкіл елге жаппай таралған.

Әскерге шақыруды кейінге қалдыру құқығына ие азаматтар автоматты түрде хабар алады

Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру құқығы бар азаматтарды автоматты түрде хабарландыру тетігі іске қосылды. Оларға SMS-хабарламалар тәжірибелік форматта жіберіледі және бұл ретте, уәкілетті органдарға барып ақпарат жинаудың қажеттілігі жоқ. Осылайша, тиісті тізілім жасалып, осы санаттағы 300 мыңға жуық әскерге шақырылған азаматқа хабарламалар жіберілді. Болашақта бұл үдеріс әскерге шақыру комиссияларын автоматтандыруға дейін жетілдірілетін болады.


Қорғаншылық және қамқоршылық туралы анықтаманы 30 минутта алуға болады

Қазақстандықтар қорғаншылық және қамқоршылық туралы анықтаманы eGov платформасы мен eGovMobile қосымшасы арқылы 30 минут ішінде ала алатыны белгілі болды. Бұл туралы ведомствоаралық комиссия барысында Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері хабарлады. Болашақта мұндай анықтама сол қосымшадағы цифрлық құжаттар тізіміне қосылуы мүмкін.

Педагогтерді аттестаттау үдерісін электронды форматқа көшіру

Педагогтерді аттестаттаудан өткізу бизнес-үдерісін реинжинирингілеу және оңтайландыру шеңберінде комиссиялардың жұмысы мен тестілеуді қоса алғанда, толықтай автоматтандыру жоспарланып отыр.

Бұл қызметтерді көрсету мерзімдерін және құжаттар пакетін оңтайландыруға, тиісінше педагогтерге, басшылыққа және білім беру ұйымдарына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Білім құжаттарының электронды көшірмелері беріледі

Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму министрлігінің қатысуымен жақын арада техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім туралы құжаттардың электронды көшірмелерін беруді бастамақ. Осыған ұқсас мәселе Ғылым және жоғары білім министрлігінде де пысықталып жатыр.

Көпбалалы отбасы: мектепке қажетті анықтамалардың бірі қысқарды

Мектептерде оқушыларды жеңілдікпен тамақтандыру кезінде анықтама талап етілмеуі үшін көпбалалы отбасылар туралы мәліметтер бойынша ведомстволық ақпараттық жүйелерді біріктіру жұмыстары аяқталды.


Соңғы жаңалықтар