Цифрландыру нәтижесінде 2,5 мың мемлекеттік қызметші қысқарады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдардың қызметін цифрландыруға және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға көп қор жұмсалды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру есебінен 2,5 мыңнан астам мемлекеттік қызметшіні қосымша қысқарту және осы арқылы үнемделген қаражат есебінен жалақыны қосымша арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ақмола облысындағы мемлекеттік органдар басшыларымен кездескен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін ең көп көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстырып жатырмыз. Қызмет 78 пайызы «Электрондық үкімет» пен ХҚО арқылы көрсетілуде. Бұл жемқорлықты азайтуға ықпал етті. Біздің негізгі мақсатымыз - онлайн-қызметтерге толық ауысып, жемқорлықты түбегейлі жою» - деді Саян Ахметжанов кездесуде.

Қазіргі уақытта ақпараттық жүйелердің интеграциясы 30 пайыздан асады. Электронды қызметтердің даму көрсеткіштері бойынша Қазақстан елдердің бастапқы топ-тізімінде 25 орынға ие.

Бірақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясатсыз мемлекеттік қызметтің сапалы реформаларына қол жеткізу мүмкін емес. Осыған орай Агенттік Арнайы мониторинг топтары, Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа орталық, жаңару және тағы басқа үкіметтік емес ұйымдар сияқты азаматтық қоғам институттарымен құрылымдық әрекеттестікті жақсартты. Белсенді азаматтарды жергілікті деңгейде мемлекеттік қаражаттың игерілуіне мониторинг жүргізуге тартуға бағытталған «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы жұмыс істеуде.
«Бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу» жобасын жүзеге асыру аясында агенттік қызметшілері кәсіпкерлермен бірге бизнес-жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңдерінен - рұқсаттама құжаттарын алудан кәсіпорынның сәтті іске қосылуына және тұрақты жұмыс істеуіне дейін өтеді.

«Біздің ұстанымымыз - «жемқорлықтың салдарымен күрескенше, оның алдын алған оңай». Бүгінгі таңда біз жалпы құны 5 триллион теңгені құрайтын 130-дан астам бизнес-жобаны сүйемелдеумен айналысамыз. Бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу еліміздің инвестиция тартудағы «визит карточкасына» айналуы тиіс», - деп толықтырды Саян Ахметжанов.

Кездесу соңында аппарат басшысы қатысушыларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Астана - адалдық алаңы» және «Саналы ұрпақ» жобаларымен таныстырды.

Соңғы жаңалықтар