Цифрландыру арқылы салықтық түсімдер ұлғайтылады - Бақыт Сұлтанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Салықтық-кедендік әкімшілендіру рәсімдерін цифрландыру арқылы салықтық түсімдерді ұлғайту көзделіп отыр. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатында ҚР Үкіметінің 2017 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебінің таныстырылымында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2017 жылдың алдын ала қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқыны 4 пайызды құрады. Бұған «Нұрлы жол», индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламалары аясында индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру өз әсерін тигізді. Республикалық бюджет қаржы жылы ішінде екі рет нақтыланып, осындай экономикалық жағдайда атқарылды. Бюджеттің негізгі параметрлеріне келсек, түсімдер 101,1 пайызға орындалып, 9 трлн 799 млрд теңгені құрады. Шығыстар 11 трлн 156 млрд теңгеге атқарылып, 99,8 пайызға игерілді», - деді Бақыт Сұлтанов.

Сонымен қатар ол бюджет тапшылығы 1 357 млрд теңге көлемінде қалыптасқанын еске салып өтті. Бұл жоспардағы көрсеткіштен 129 млрд теңгеге төмен. Оның мөлшері Жалпы ішкі өнімге шаққанда жоспардағы 3 пайыздың орнына 2,6 пайызды құрады.

Бұдан бөлек ол салық-кеден саласындағы әкімшілендіруді жетілдіру үшін тиісті шаралар қабылданғанын атап өтті. «2017 жылы Жалпы ішкі өнімге шаққандағы шоғырланған бюджеттің салықтарының ЖІӨ-дегі үлесі - 16,8% құрады, оның ішінде республикалық салықтардың үлесі 9,3 пайыз», - деді министр.

«Мемлекеттік кірістер органдарының тексерулер саны 45 пайызға қысқартылды. Нысандарға шықпай-ақ камералық бақылаудың хабарламалары бойынша салық төлеушілердің өздері 171 млрд теңге есептеді. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 19 пайызға көп (144 млрд теңге). Салықтарды есептеп алудың тиімділігі артты. Хабарламалар бойынша 123 млрд теңге өндірілді, яғни 2016 жылға қарағанда 34 пайызға артық. Осы айтылған мәліметтер біздің қабылдаған жоспардың аралық нәтижелері.  Алдымызда тұрған басты мақсаттың бірі - салықтық-кедендік әкімшілендіруді цифрландыру арқылы салықтардың өсу қарқынын ұлғайту. Ағымдағы жылы салықтардың ЖІӨ шаққандағы көлемін 17 пайызға жеткіземіз», - деді Бақыт Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар