Чжао Хуашэн: Бүгінгі әлемдегі ең өзекті үрдістердің бірі - Еуразиялық ықпалдастық

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі әлемдегі ең өзекті процестердің бірі - Еуразиялық ықпалдастық.

Бұл пікірді «Астана» клубының екінші отырысы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Фудань университеті (Шанхай) жанындағы Ресей мен Орталық Азияны зерттеу орталығының директоры Чжао Хуашэн білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі отырыстың тақырыбы өте қызықты, айтылған ұсыныстар да барынша өзекті. Біз Орталық Азияның көптеген мемлекет шоғырланған өңір екендігін және ол көптеген ірі елдермен шектесетіндігін білеміз. Бүгінгі күнгі өзекті тақырыптардың бірі Еуразиялық кеңістік болуда. Ол бүгінде әлемде орын алып жатқан ең маңызды процестің бірі саналады», - дейді қытайлық сарапшы.

Оның айтуынша, Еуразиялық интеграция мәселесі әлемнің көптеген елдерінің мүддесіне сай келеді. Осы ретте ол осынау маңызды мәселенің «Астана» клубы алаңында көтерілуінің өзі оның өзектілігін көрсететіндігін баса айтты.

«Бұл жаһандық күн тәртіптегі мәселелерге орай пікірлер мен ұсыныстар жасалатын өте жақсы әрі тиімді тұғырнама саналады. Бұл жерде Қазақстанның да тікелей қызығушылығын туындататын мәселелер көтеріледі. Осында өзге елдердің сарапшыларының пікірлері айтылады. Бұл барлығы үшін де пайдалы», - деді Чжао Хуашэн.

Айта кетерлігі, кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев клуб отырысына қатысып, сөз сөйлеген болатын. Ал клубтың бүгінгі отырысына әлемнің 50-ден астам сарапшысы, саяси және қоғам қайраткерлері, 21 елдің ғалымдары, сонымен бірге жетекші қазақстандық сарапшылар қатысуда. Клуб отырысына қатысушылар «Еуразия тоғысында: Өңірлік проблемаларға негізгі әлемдік ойыншылардың көзқарасы», «Еуразия ресурстары: «Алтын ғасырдың» соңы ма?», «Еуразия адамдары: тұрақсыздық көзі ме әлде байлық көзі ме?» сынды сессияларда Еуразия өңіріне қатысты өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауда.

Астана клубы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының жетекші халықаралық ғылыми орталықтар Қытай қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясы, Германия сыртқы саясат кеңесі, Ресей халықаралық істер кеңесі және Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорымен бірлесіп құрған халықаралық пікірталас алаңы саналады. Астана клубының бірінші отырысы 2015 жылғы қарашада әлемнің 15 елінен келген 47 сарапшының қатысуымен өткен еді. Оның барысында Еуразия геоэкономикасының негізгі аспектілері, ғаламдық және өңірлік ойыншылардың мүдделері, экономикалық қауіп-қатерлер мен мүмкіндіктер мәселелері талқыланған болатын.

Соңғы жаңалықтар