Чувашта Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Чуваш Республикасының Ұлттық кітапханасында  Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Орталық ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының халықаралық жобасы аясында ашылды.

Шараға Чуваш Республикасының мәдениет, ұлттар және архив істері жөніндегі министрінің орынбасары Елена Чернова, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхана директорының орынбасары Нұралба Тексебаева, Чуваш Республикасының шығармашылық қауым өкілдері қатысты.

Нұралба Тексебаева шарада сөз сөйлеп, ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолғабыс жасауымен 21 Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылғанын тілге тиек етті.

«Бүгінгі шараны өткізудегі мақсат - қазақ халқының мәдениетін, дәстүрлерін, өнерін таныстыру. Бұл әдебиет арқылы Қазақстанның экономика, саясат, әлеуметтік салаларындағы жетістіктерін дәріптеуге тамаша мүмкіндік береді», - деді Н. Тексебаева.

Ол алдағы уақытта Чуваш Республикасында Қазақстан халқының ұлттық-мәдени бірлестігін құруға үміт артатынын білдірді.

Айта кетейік, осындай орталықтар, Қазақстаннан тыс Корея, Қырғызстан, Финляндия, Мажарстан, Армения, Малайзия, Түркия, Грузия, Франция, Жапония, Швеция, Македония, Болгария, Чехия, Италия. АҚШ, Иран елдерінде бар. Ресей аумағында алғаш рет Саха Республикасының (Якутия) Ұлттық кітапханасында ашылған болатын, ал енді оның қабатына Чуваш Республикасындағы орталық келіп қосылды.

Соңғы жаңалықтар