Чуваш Республикасында «Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы» ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Чуваш Республикасының Ұлттық кітапханасында «Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы» жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған жұмыс Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының халықаралық жобасының аясында жүзеге асырылып отыр.

Мұндай орталық Корея, Қырғыз Республикасы, Финляндия, Мажарстан, Армения, Малайзия, Түркия, Қытай, Грузия, Франция, Жапония, Швеция, Македония, Болгария, Чехия, Италия, АҚШ, Иран және Қазақстанда жұмыс істейді. Ресейде мұндай орталық Саха Республикасының Ұлттық кітапханасында (Якутия) да ашылған.

Аталған іс-шараға Чуваш Республикасы Мәдениет, ұлттық және архив ісі бойынша министрдің орынбасары Елена Чернова, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының орынбасары Нұрбала Тексебаева, Чебоксары қаласындағы Ресей СІМ бөлімшесінің басшысы Александр Погодейкин, Чувашия Ұлттық кітапханасының директоры Светлана Старикова, республикалық Достық үйінің директоры Алексей Иванов, «Чуваш халқы Ассамблеясы» төрағасының орынбасары Владимир Васильев, чуваш жазушысы, ақын әрі драматург Михаил Юхма қатысты.

Елена Чернова Қазақстан Республикасы мен Чуваш үшін орталықтың ашылуы маңызды оқиғалардың бірі екенін атап өтті. «Себебі, екі ел де Ресейге өте жақын», - деді министрдің орынбасары.

Кездесуге қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Нұрбала Тексебаева Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен дәл осындай 21 орталық жұмыс істеп тұрғанына назар аударды.

«Бүгінгі шараның мақсаты - қазақ халқының дәстүрі, мәдениеті, өнерімен танысу. Бұл әдебиет арқылы Қазақстанның экономикасы, саясаты, әлеуметтік саласының жетістіктері туралы әңгімелеудің керемет мүмкіндігі», - деді Нұрбала Тексебаева.

Жоғары мәртебелі мейман Чувашияда қазақ диаспорасының немесе Қазақстан халықтарының ұлттық-мәдени бірлестігін құру туралы үмітін білдірді. Сонымен бірге, орталықтың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабын таныстырылды.

Өз кезегінде Александр Погодйкин Қазақстанды ынтымақтастық жолға қойылған стратегиялық әріптес мемлекет екенін атап өтті. Сондай-ақ, Чувашия Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының мәдени қарым-қатынастарды және кітапханалық және ақпараттық қызмет көрсету саласында өзара ынтымақтастықты арттыру мақсатында меморандумға қол қойылды.

Фото:cheboksary.ru

Соңғы жаңалықтар