China Construction Bank Қазақстанда өкілдігін ашпақ

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - China Construction Bank Қазақстанда өкілдігін ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қытайлық бизнес капитандармен кездесуі барысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің 5 отырысы екі елдің бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен. Шара аясында 13 млрд доллардың 40-тан астам келісімшартына қол қойылған. Оның ішінде 8,7 млрд доллардың 17 инвестициялық, 1,6 млрд доллардың 8 қаржылық, 700 млн долллардыңға 7 сыртқы сауда құжаты бар. Мұнан бөлек 8 коммерциялық құжат та рәсімделді.

«Қол қойылған құжаттардың жартысы инвестициялық сипатқа ие екендігін атап өткен жөн. Біз қытайлық компаниялардың қайта өңдеу секторына, логистикаға, инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге мол инвестиция сала бастағанын көріп отырмыз», - деді қор басшысы.

Сонымен қатар ол Қазақстанда Қытайдың үш банкі жұмыс істейтіндігін және тағы бір банкі өкілдік ашуға ниет танытып отырғанын айтты.

«Бүгінде Қазақстанда қытайлық капиталдың қатысуымен 3 коммерциялық банк жұмыс істейді. Сонымен қатар бүгінгі шараға басшысы Цзянь Голинь қатысып отырған China Construction Bank өз өкілдігін ашуды жоспарлауда. Қытайдың коммерциялық банктері таяу аралықта Қазақстанда жұмыс істеп жатқан қытайлық кәсіпорындарды ғана емес сонымен бірге қазақстандық компанияларды да қаржыландырады деп үміт артамыз», - деді Ахметжан Есімов.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға мемлекеттік сапармен келіп, кеше ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді.

Нәтижесінде бірнеше құжатқа қол қойылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен жүздесті.

Ал 10 маусым күні ҚР Президенті Циндао қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар