Chia Tai Tianqing пирамидасын құрған күдікті Қытай азаматы елден қашып кетті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаржы мониторингі агенттігі Қазақстан аумағында «Chia Tai Tianqing» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісін тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Агенттіктің 17 аумақтық департаменті қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша 17 қылмыстық істі тергеп жатыр.

Олар 2022 жылдың шілдесінен бері жұмыс істеп келеді және фармацевтикалық зауыт құрылысына инвестиция салу, сондай-ақ тағамдық қоспалар мен басқа да дәрі-дәрмекті дамытуға инвестиция салу желеуімен инвесторлардан қаражат тартып келеді.

«Chia Tai Tianqing» Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркелмеген.

Болжам бойынша, қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы - Қазақстан аумағынан кетіп қалған Қытай азаматы.

Алматы қаласының аумағында Қазақстанның үш азаматы компанияның заңсыз қызметін насихаттаумен айналықан.

Олардың жеке басы анықталды. Олар инвесторларға компанияға салынған инвестициядан жоғары қайтарым алуға уәде берген.

Жаңа салымшыларды тартқан жағдайда 10% көлемінде сыйақы беруді уәде еткен.

Салымшыларға қаражаттың қабылданғанын растайтын құжат берілмейді, келісімшарт жасалмайды.

Компанияның жұмысы жасырылған, Қытайдың белгілі «Chia Tai Tianqing» компаниясының логотипі қолданылған, ал олардың қытайлық компанияның қызметіне ешқандай қатысы жоқ.

Бұл компанияға тартылған қаражат көлемі, алдын ала мәлімет бойынша, 7 млрд теңгеден асады.

Өткен аптада Алматы қаласы департаментіне жәбірленушілерден аталған тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 200-ден астам өтініш келіп түскен.

Қаржы пирамидасын ұйымдастыруға күдікті үш жетекшінің екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды.


Соңғы жаңалықтар