Чернобыль апатына – 35 жыл

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Адамзат тарихындағы ең үлкен техногендік апаттың бірі – Чернобыль атом электр станциясындағы жарылыстан бері 35 жыл өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль атом электр станциясында апат болды. Сарапшылар оны адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі деп атайды. АЭС-тегі қайғылы оқиғалардың нақты себептері әлі толық анықталған жоқ. Миллиондаған адамның өміріне түрлі дәрежеде әсер еткен осы оқиға салдарының ауқымы толық бағаланбаған деуге болады.

Ресми тарих мәліметіне сүйенсек, 1986 жылғы 26 сәуірде түнгі сағат 01.23-те Чернобыль АЭС-тегі төртінші энергоблок жұмысын жоспарлы тоқтату және турбореакторды сынақтан өткізу кезінде жарылыс болды. Таң ата энергиялық блоктағы өртті тұншықтыру үшін реакторға мыңдаған тонна химиялық зат тасталды. Апаттан радиоактивті бұлт КСРО-ның еуропалық бөлігінен өтіп, көрші елдердің үрейін алады. Ал 10 күннен кейін ол тіпті АҚШ, Канада және Жапонияға жетті. Радиоактивті заттар ауаны ластағанымен қоймай, 600 мыңға жуық адам улы сәулеге шалдықты. Оның көбі апат салдарын жоюмен айналысқан адамдар болатын. Кеңес Одағының аумағында шамамен 155 мың шаршы шақырым жер радиоактивті залал шегіп, 7 миллиондай адам радиациялық ластануға ұшырады.

1986 жылдың 29 сәуіріндегі бақылау деректері жоғары радиациялық фон Польша, Германия, Аустрия, Румыния және басқа елдерде де тіркелгенін көрсетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, апаттан кейін 30 шақырым радиуста тұратын 600 мың адам жоғары дозада радиациямен уланған. Олар жергілікті тұрғындар мен АЭС қызметкерлері, сондай-ақ жою және тазарту жұмыстарына қатысуға одақтың түкпір-түкпірінен әкелінген жұмысшылар еді.

Қазірге дейін Украина, Беларусь және Ресей аумағында шамамен 5 миллион адам радиациялық қауіпті аймақтарда өмір сүріп жатыр. Яғни Чернобыль апатының әсері әлі сейіліп бітпеген. Радиация дозасы төмен болса да, үнемі болғандықтан бірқатар елде қатерлі ісік, нейропсихиатриялық ауытқулар мен генетикалық мутацияға ұшыраған науқастар саны көбейюі байқалған. 1986 жылы 26 сәуірде Украина астанасы Киевтен 110 шақырым жерде болған апаттың салдары әлі де халықаралық жиындардың күн тәртібінен түспей келеді. Беларусь Белта ақпарат агенттігі осы күнге дейін арнайы жобаны іске қосты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл Чернобыль ардагерлеріне 540 млн теңгеден астам қаржы төленеді.


Соңғы жаңалықтар