Чемпиондыққа үмітті «Астана» Шымкентте жеңілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Премьер-лигасының 31-турындағы орталық кездесуде «Астананы» қабылдаған «Ордабасы» 2:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Еуропа лигасының маңызды матчы алдынан екінші құраммен алаңға шыққан елордалықтар Шымкентте табан тірескен қарсылыққа кезікті. Өз жанкүйерлерінің көз алдында абыройлы ойын көрсетуге тырысқан жергілікті ұжым алғашқы таймда-ақ жеңіс үшін алаңға шыққанын дәлелдеп, 35-минутта есеп ашты, гол авторы - Еркебұлан Тұңғышбаев.

Алайда, «Астана» сапына қосалқы құрамнан қосылған Жорже Деспотович алаң иелерінің қорғаныс шебіндегі өрескел қателікті ұтымды пайдаланып, 60-минутта есепті теңестірді. Ал араға небәрі үш минут салып, шымкенттіктер тағы да алға шықты, бұл жолы айып алаңындағы қарбаласта сәтті позиция иелене білген Абдуллай Диакате тепкен доп қақпа торын тулатты.

Осылайша, ел чемпиондығы үшін күрес қыза түсті. Басқа бәсекелестерінен әлі де болса бір ойын кем өткізген «Астана» 25 қазанда 24-турдың қалып қойған матчында «Оқжетпесті», ал маусымның соңғы кездесуінде, 5 қарашада «Ақжайықты» қабылдайды. Осы екі матчтың аралығында, яғни  28 қазан күні 32-тур аясында биылғы маусымның ең ымырасыз ойыны болайын деп тұр: елордалық ұжымнан 1 ұпай артта келе жатқан алматылық «Қайрат» Астанаға келеді. Жанкүйерлердің пікірінше, осы ойында чемпион тағдыры шешілуі тиіс.

Жалпы, 31-турдан соң 30 ойын өткізген «Астана» 73 ұпаймен бірінші болып тұр, ал 72 ұпаймен «Қайрат» екінші, 55 ұпай жинаған «Ордабасы» үшінші орынға тұрақтады. 

Соңғы жаңалықтар