Чемпиондық бәсеке қыза түсті: «Астана» «Қайраттан» жеңіліп қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 32-туры аясында «Астана Арена» стадионында чемпиондық бәсекеде шешуші матч өтті. Турнир кестесінде көш бастап тұрған «Астана» басты қарсыласы Алматының «Қайрат» командасын қабылдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Осы ойын о бастан футболсүйер қауымның басты назарында болатыны белгілі еді. Командалар ә дегеннен ымырасыз ойын өрнегін көрсетті. Дегенмен гол соғуға қолайлы сәттерді бірінші таймда аз көрдік, өйткені допқа талас негізінен алаң орталығында жүріп жатты.

Есеп екінші таймда ғана ашылды: «Қайраттың» алаңға қосалқы құрамнан қосылған 21 жастағы қорғаушысы Айбол Әбікен 71-минутта Қазақстан Премьер-лигасындағы алғашқы голын соқты.

Гол ойынды түбегейлі өзгертіп жіберді. Командалар ашық ойын өрнегін көрсетіп, шабуылға лап қоя бастады. Қоян-қолтық шабуылдарда алматылықтардың ойыны жүріп, сол қанаттан ұйымдастырылған жылдам комбинациядан соң, айып алаңында қараусыз қалған Жерар Гоу есепті еселеді. Елордалық ұжым кем дегенде тең нәтижеге қол жеткізу үшін барын салғанымен, бүгін «Қайратқа» қарсы қайрат таныта алмады. Айта кетейік, оларға УЕФА Еуропа лигасы топтық кезеңінің 4-туры аясындағы «Маккабиге» қарсы Израильде өтетін ойын туралы да естен шығармауы тиіс.

Ойын 0:2 есебімен аяқталды. Осы матчтан кейін «Астана» 76 ұпаймен бірінші орында тұрса, бір-ақ ұпайға артта келе жатқан «Қайрат» елордалықтарды өкшелеп келеді. Чемпион соңғы турда анықталатын болды.

Еске сала кетейік, 33-тур ойындары 5 қарашада өтеді. Екі ұжым да оны өз алаңында өткізеді. Астанаға Оралдан «Ақжайық» келсе, «Қайрат» «Ақтөбені» қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар