Чемпиондар лигасы: «Реал Мадрид» «Аталантаға» қарсы ойнайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 24 ақпанда соңғы екі жұп UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалындағы алғашқы ойындарын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы жұпта Германияның «Боруссия» (Мёнхенгладбах) және Англияның «Манчестер Сити» командалары өзара шеберлік байқасады. Ойын елорда уақытымен 01.50-де басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі команда бұған дейін аталған турнирде төрт мәрте кездесті. Оның үшеуінде ағылшындық клуб басым түссе, біреуінде тең нәтиже тіркелді.

Командалар сапында жарақат алған ойыншылар бар. «Боруссия» сапынан бүгін Фамана Кизера, Мамаду Дукуре, Джозеф Скалли бүгінгі ойыннан шет қалса, олардың қатарын «Манчестер Сити» клубынан Серхио Агуэро мен Натан Аке толықтырды.

Екінші кездесуде «Аталанта» (Италия) мен «Реал Мадрид» (Испания) клубтары жасыл алаңға шығады. Ойын елорда уақытымен 01.50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі команда бұған дейін Чемпиондар лигасында бірде-бір мәрте кездескен емес.

Бүгінгі кездесуде «Аталантаның» барлық ойыншыларын жасыл алаңға шығаруына мүмкіндігі бар. Ал «Реал Мадрид» клубынан алған жарақатына байланысты Федерико Вальверде, Марсело, Эден Азар, Альваро Одриосола, Даниэль Карвахаль, Эдер Милитао, Серхио Рамос, Родриго, Карим Бензема, Хесус Вальехо кездесуді сырттан тамашалауға мәжбүр. Испаниялық клуб қарсыласын қапы қалдыра ала ма?

Айта кетейік, бұдан бұрын турнирдің аталған сатысында алты жұп өзара алғашқы кездесуін өткізіп үлгерді. Мәселен, 16 ақпанда сырт алаңда «Ливерпуль» «Лейпцигті» 2:0, «Пари Сен-Жермен» «Барселонаны» 4:1 есебімен жеңді.

Ал 17 ақпанда өз алаңында «Порту» «Ювентустен» 2:1 есебімен басым түссе, «Севилья» «Боруссия Дортмунд» клубына 2:3 есебімен есе жіберді.

Сондай-ақ, 23 ақпанда «Бавария» (Германия) «Лацио» (Италия) клубынан 4:1, Англияның «Челси» клубы сырт алаңда Испанияның «Атлетико Мадрид» командасынан 1:0 есебімен басым түсті.


Соңғы жаңалықтар