Чемпиондар лигасы: «Манчестер Сити» шабуылшысы Эрлинг Холанд бір ойында бес гол соқты

None
Фото: Catherine Ivill/Getty Images
АСТАНА. ҚазАқпарат - UEFA Чемпиондар лигасы ширек финалына жолдама алған тағы екі команда белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

14 наурыздан 15-не қараған түні Португалияның «Порту» командасы өз алаңында Италияның «Интерін» қабылдаған еді. Ойын барысында командалар шабуылға көшті. Дегенмен қақпа құлпы ашылмай, 0:0 есебі тіркелді. Алғашқы кездесуде 1:0 есебімен жеңіске жеткен «Интер» жарысты жалғастыратын болды.

Екінші кездесуде Англияның «Манчестер Сити» және Германияның «РБ Лейпциг» қақпасына жауапсыз жеті доп соқты. Осы кездесуде ағылшын клубының норвегиялық шабуылшысы Эрлинг Холанд 22, 24, 45, 53, 57-минуттарда бес гол соқты. Тағы екі голды Илкай Гюндаган 49, Кевин де Брейне 90-минуттарда өзінің еншісіне жазды.

Осылайша қарсыласын 7:0 есебімен тізе бүктірген ағылшындық клуб ширек финалға жолдама алды. Алғашқы ойында 1:1 есебі тіркелді.

Айта кетсек, Чемпиондар лигасы тарихында бір ойында бес гол соққан жағдай үшінші мәрте тіркеліп отыр. Бұған дейін испаниялық «Барселона» сапында өнер көрсеткен аргентиналық шабуылшы Лионель Месси Германияның «Байер» қақпасына, Украинаның «Шахтер» клубының бразилиялық шабуылшысы Луис Адриано Беларусьтің БАТЭ қақпасын бес мәрте дәл көздеген еді.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Бавария» (Германия), «Милан» (Италия), «Бенфика» (Португалия) мен «Челси» (Англия) командалары ширек финалға жолдама алды.

Енді 15 наурыздан 16-на қараған түні «Наполи» (Италия) мен «Айнтрахт» (Германия), «Реал Мадрид» (Испания) және «Ливерпуль» (Англия) ойнайды.


Соңғы жаңалықтар