Чемпиондар лигасы: «Бавария» былтырғы жетістігін қайталай ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалында тағы екі ойын өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бұдан бұрын турнирдің аталған сатысында төрт команда өзара алғашқы кездесуін өткізіп үлгерді. Мәселен, 16 ақпанда сырт алаңда «Ливерпуль» «Лейпцигті» 2:0, «Пари Сен-Жермен» «Барселонаны» 4:1 есебімен жеңді.

Ал 17 ақпанда өз алаңында «Порту» «Ювентустен» 2:1 есебімен басым түссе, «Севилья» «Боруссия Дортмунд» клубына 2:3 есебімен есе жіберді.

Бүгінгі кездесудің бірінде «Лацио» (Италия) мен «Бавария» (Германия) командалары шеберлік байқасады. Ойын елорда уақытымен 01.50-де басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі команда бұған дейін Чемпиондар лигасында бірде-бір мәрте кездескен емес.

Айта кетейік, «Бавария» былтыр аталған турнирде чемпион атанған болатын. Биыл сол жетістігін қайталай ала ма?

«Лацио» сапынан жарақат алған ешкім жоқ, барлығының алдағы ойынға қатысуына мүмкіндігі бар. Ал «Бавария» сапынан жарақат салдарынан бүгін жасыл алаңға шықпайтындар саны біраз. Олардың қатарында Танги Куасси, Томас Мюллер, Леон Горецка, Серж Гнабри, Александр Нюбель, Корентин Толиссо, Бенжамен Павар мен Дуглас Коста сынды футболшылар бар.

Екінші кездесуде «Атлетико Мадрид» (Испания) мен «Челси» (Англия) командалары ойнайды. Ойын елорда уақытымен 01.50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі команда аталған турнирде бұған дейін 7 мәрте кездесті. Бүгінгі қарсыластар екі-екі мәртеден бір-бірін қапы қалдырса, үш ойында тең нәтиже тіркелді.

Команда құрамында жарақат алған футболшылар бар. «Атлетико Мадрид» құрамынан Эктор Эррера, Янник Карраско, Шиме Врсалько жасыл алаңға шығудан шет қалса, «Челси» сапынан Кристиан Пулишич, Тьяго Силва, Кай Хаверц бүгінгі ойыннан тыс қалып отыр.


Соңғы жаңалықтар