Чемпиондар лигасы: «Барселона» үшінші рет жеңіске жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін UEFA Чемпиондар лигасы топтық кезеңіндегі үшінші турдың екінші ойын күні өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі ойындар Е, F, G, H топтарында өткізілді. Жанкүйерлер негізінен «Челси», «Барселона», «Манчестер Юнайтед» секілді клубтардың кезекті ойындарына көз тікті.

Англияның «Челсиі» Е тобында көш басында келеді. Лондондық клуб бұл жолы Францияның «Ренн» командасынан 3:0 есебімен басым түсті. Аталған топта Ресейдің «Краснодары» Испанияда «Севильядан» 2:3 есебімен жеңіліп қалды.

F тобында Ресейдің «Зениті» өз алаңында Италияның «Лацио» клубымен 1:1 есебімен тең ойнады. Германияның «Боруссия» (Дортмунд) командасы сырт алаңда Бельгияның «Брюггесін» 3:0 есебімен сүріндірді.

G тобында бірінші орында келе жатқан Испанияның «Барселона» клубы бұл жолы өз алаңында Украинаның «Динамо» (Киев) командасынан 2:1 есебімен басым түсті. Осы топта Италияның «Ювентусы» Венгрияда жергілікті «Ференцварошты» 4:1 есебімен жеңді.

H тобында бақ сынап жатқан Англияның «Манчестер Юнайтед» ойламаған жерден Түркияның «Истанбул Башакшехир» клубынан 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Бұл топтағы тағы бір кездесуде Германияның «Лейпциг» клубы Францияның «Пари Сен-Жерменін» 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Енді төртінші тур ойындары 24 және 25 қараша күндері өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар